ДИКТОР: Кеше жасөспірімдер арасында еркін күрестен турнир өтті. Ақмола облысы әкімінің кубогын иелену үшін тартысты додаға еліміздің солтүстік өңірлері қатысты. Әріптесім Динара Нұрмұханова баяндайды.

РКС: Ақмола облысы әкімінің аймақтық кубогы үшін ұйымдастырылған тартысқа еліміздің төрт өңірінен – Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарынан келген жасөспірімдер қатысты. Жарысқа келген бапкерлер, спорт жанашырлары мен жанкүйерлер бір қауым ел болып бас қосып, балғын балуандардың өнерін тамашалады.

ИНТЕРШУМ:

СНХ: ӘЛІБЕК СЕРҒАЛИЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ЕРКІН, ГРЕК-РИМ ЖӘНЕ ӘЙЕЛДЕР КҮРЕСІ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ: Бұл тек қана палуандардың күресі болған жоқ, бұл халықтың да үлкен күресі болды, бұл жаттықтырушылардың да күресі болды. Оның барлығы ұштаса келе осындай үлкен шоуға айналды. Әлбетте біз оны біздің еркін күрес федерациясына, Ақмола облысының әкіміне алғысымызды айтамыз.

РКС: Бозкілем үстінде балғын балуандардың намысқа толы күресі үлкен доданың көркін қыздырды. Үзілістерде шырқалған елдік пен ерлікті насихаттайтын рухты әндер шараның шырайын аша түсті. Жарысты тамашалауға спорт саласының майталман мамандары, еңбек сіңірген бапкерлер мен ардагерлері келіп, балуандарға демеу болды. Тартысты өткен сайыста Павлодарлықтардың мерейі үстем болды. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Павлодардан келген балуандарға бұйырды. Жарыс жеңімпаздарына 1,5 миллион теңге көлемінде арнайы сыйақы табысталды. 2 орынды Ақмола облысы, жүлделі 3 орынды Есілдің бойынан келген Солтүстік Қазақстан облысы еншіледі.

ИНТЕРШУМ:

СНХ: НҰРШАТ ДӘУЛЕТБАЙ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНЫҢ ПАЛУАНЫ: Мен Павлодар облысы, Ертіс ауданынан келдім. Біз бүгін Қостанай және Ақмола облысы командаларымен белдестік. Белдесу қызық өтті. Екі команданы да 3 те 2 есебімен жеңдік. Жарыстың организаторлары өте жақсы, сертификат, приз бәрі өте жақсы. Біз бүгін жеңгенімізге өте қуаныштымыз. Біз негізі Ақмола облысымен күресіп 2 де 0 ұтылып бара жаттық. Сосын 57 кг салмақ дәрежесінде палуан ұтты, мен ұттым және 68+ салмақ дәрежесіндегі палуан ұтты. Солай чемпион болдық.

РКС: Намыс бар жерде – жеңіс бар. Көкшетаудағы дода соның бір айқын дәлелі болды. Осындай бастамалардың жалғасуы – өскелең ұрпақтың жігерін жанитын, ел рухын көтеретін маңызды қадам.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЕВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ