ДИКТОР: Президент Жолдауында жасанды интеллектті дамытудың маңыздылығы кеңінен сараланған. Мемлекет басшысы бұл саладағы дағдыларды қалыптастыру мектеп қабырғасынан басталуы тиіс екенін баса айтты. Осы міндетті жүзеге асыру аясында сабақтарда жасанды интеллектке арналған жаңа модульдер енгізілуде.

РКС: Жасанды интеллекттің білім беру саласында өзектілігі арта түсуде. Оқу бағдарламаларына «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндері бойынша жаңа модульдер енгізілуде. Оқушылар мәліметтермен жұмыс істеу негіздерін, алгоритмдерді, машиналық оқытуды, цифрлық этика мен киберқауіпсіздікті меңгеруде. Сонымен қатар, олар жасанды интеллект қолданылатын жобалық тапсырмаларды орындайды.

СНХ: АЙША УӘЛИХАНОВА, №20 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ: Жасанды интеллектіні мен өзім қолданамын. Ол маған өте көмектеседі. Информатика сабағында да көмектеседі. Мысалы, ағай бізге қызықты ойын істеп берді. Жасанды интеллект арқылы біз тақырыпты жеңіл түсінеміз және сабақтарымыз көңілді өтеді.

СНХ: ӘМИНА ШАЙМҰРАТ, №20 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ: Қазіргі таңда жасанды интеллект арқылы біз әр түрлі сайыстарға дайындаламыз, сонымен қоса біздің мектебімізде, осы №20 мектеп-гимназиясында біздің мұғалімдеріміз жасанды интеллект арқылы бізге тапсырмалады түрлендіре отырып, өте ерекше қылып сабақ өткізеді. Күнделікті сабақтарда да қолданамыз және де үй тапсырмаларын орындау барысында. Қандай да бір сайыстарға дайындалған кезде де жасанды интеллектіні қолданамыз.

РКС: №20 мектеп-гимназиясында осы оқу жылынан бастап жасанды интеллект бойынша факультативтік курс енгізілген. Бұл бастама мұғалімдер тарапынан қолдау табуда.

СНХ: МИНАС ЕРЛАНҰЛЫ, №20 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫ ИНФОРМАТИКА ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ: Қазір білесіздер біз өзіміз Президенттің тапсырмасымен салынған жайлы мектепте тұрмыз. Келешек мектебінде. Бұл келешек мектебі толыққанды жасанды интеллектпен жұмыс жасауға техникалық тұрғыдан дайын. Осы құрал-жабдықтарды қолданып, оқушыларға барынша жасанды интеллектіні сабақ кестесіне енгізіп, меңгертудеміз.

РКС: Айта кетейік, цифрлық дағдыларды тек оқушылар ғана емес, мұғалімдер де меңгеріп жатыр. Олар да жасанды интеллектті күнделікті жұмысында белсенді қолданады. Мұғалімдер бұған дейін сабақ жоспарын дайындауға көп уақыт кететінін, ал қазір жасанды интеллект құралдарының көмегімен бұл жұмыс бар болғаны 10–15 минут ішінде атқарылатынын айтуда.

НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, АРАЙЛЫМ ШЫТЫРЫМБЕК, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ