ДИКТОР: «AMANAT» партиясы облыстық филиалының жанындағы білім және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Онда талқыланған басты тақырыптар – мектептердің жылу беру маусымында отынмен қамтамасыз етілуі және балалардың психологиялық қауіпсіздігі болды.
РКС: Білім беру саласында күрделі жөндеу жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп отыр. Биыл 7,5 миллиард теңгеден асатын қаржыға 28 мектеп жаңартылды. Президент Жолдауы аясында жүзеге асырылып жатқан реновация тізіміне 20 білім беру ұйымы енді. Бұл мектептерде жөндеумен қатар заманауи пән кабинеттері мен жайлы жиһазбен жабдықталды. Ендігі міндет – мектептерді күзгі-қысқы кезеңге дайындау.
СНХ: ВАЛЕРИЙ ГАМАЗОВ, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Облыс бойынша 706 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Олардың 209-ы орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған, ал 497-сі автономды жылытылады. Қысқы маусымға 155,5 мың тонна көмір, 2130 тоннадан астам газ, 600 тонна дизель отыны қажет. Барлық конкурс процедуралары аудандық және қалалық бөлімдер арқылы сақталып, қазір отын жеткізу жұмыстары жүргізілуде.
РКС: 1 қыркүйектен бастап өңірде 524 күндізгі білім беру ұйымы жұмысын бастады. Оларда 140 мыңнан астам оқушы білім алуда. Оның 13 мыңнан астамы бірінші сынып оқушысы. Алайда, оқушылар санының аздығына байланысты жазда 12 мектеп жабылды. Жиында балалар арасындағы суицид мәселесіне ерекше назар аударылды. Соңғы бес жылда 91 суицид дерегі тіркелген, алайда олардың тек екеуінің ғана алдын алу мүмкін болған.
СНХ: ЕРБОЛАТ ҚҰСАЙЫНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Қазіргі таңда біз жағдайды талдап, жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауына әкелетін үш негізгі себепті анықтадық. Олар – ата-аналар арасындағы отбасылық проблемалар, жасөспірім мен ата-ана арасындағы кикілжіңдер және біржақты махаббат. Ешбір жағдайда буллинг, бопсалау немесе қатарластар тарапынан қысым себеп ретінде тіркелмеген. Біздің тарапымыздан прокуратура органдарымен бірлесіп, интернет кеңістікте суицидті насихаттайтын, өлімге апаратын тәсілдер мен нұсқаулар жарияланған қауіпті контенттерді анықтау және бұғаттау жұмыстары жүргізілуде.
РКС:Жиында балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігі – білім беру жүйесіндегі басымдыққа айналуы тиіс екендігі айтылды. Тек мектеп, ата-ана және мемлекеттік органдардың бірлескен күш-жігері арқылы ғана әр балаға қолдау мен болашаққа деген сенімділік беретін жағдай жасауға болады.
НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.