ДИКТОР: 6 мыңнан астам ақмолалық ішімдікті шамадан тыс тұтынғаны үшін есепте тұр. Әр санның артында тәуелділікпен жалғыз қалған адамның күрделі өмірлік тағдыры жатыр. «Учаске» жедел-профилактикалық шарасы аясында полиция қызметкерлері есепте тұрғандармен жұмысты күшейтті. Қылмыстың алдын алу, отбасыларды сақтау және тәуелділерді дер кезінде емге жіберу шараның негізгі мақсаты. Профилактикалық шаралар өңірлерде қалай жүзеге асырылып жатыр? Тілші баяндасын.

РКС: Мастық көп ретте ұрлыққа, жол-көлік оқиғаларына, тіпті ауыр қылмыстарға да себеп болып жатады,-дейді мамандар. Учаскелік инспекторлардың есепте тұрғандармен жұмысы профилактиканың негізгі тетіктерінің бірі. Олардың өмір салтын тұрақты бақылау, қажет болған жағдайда тәуелділерді арнайы мекемелерге емделуге жіберу. Мұндай шаралардың барлығы азаматтардың мас күйінде жасайтын қылмыстардың алдын алуға бағытталған. Сондай-ақ, алкоголизмге қарсы күрестің тағы бір маңызды бағыты – ішімдікті заңсыз сату деректерін анықтау.

СНХ: ЕРБОЛАТ ҚҰСАЙЫНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Облыс бойынша жосықсыз кәсіпкерлерге қатысты осындай 182 дерек тіркелді. Бұдан бөлек, тиісті лицензиясыз арақ-шарап өнімдерін сатуға қатысты 400 фактінің жолы кесілді. Азаматтардың қоғамдық орындар мен көшелерде мас күйінде жүруі – алкогольдік қылмыстылық деңгейіне ықпал ететін тағы бір фактор. Бұл өз кезегінде көше қылмысының ахуалына әсер етеді. Биыл көше қылмысы 1,4 процентке азайғанымен, олардың 54 проценті мас күйінде жасалған.

РКС: Профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде өңірдің қоғамдық орындарында мас күйінде жүрген 9 мыңнан астам азамат анықталды. Айта кетейік, жыл басынан бері 232 адам мәжбүрлеп емдеуге жіберілсе, тағы 336 азамат мас күйінде жасаған қылмыс пен құқық бұзушылықтары үшін сот алдында жауап берді.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, АРАЙЛЫМ ШЫТЫРЫМБЕК, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.