ДИКТОР: Биыл Қазақстанда тәлімгерлік институты ресми түрде енгізілді. Енді жас мамандарды кәсіби тұрғыда қолдап, тәжірибесімен бөлісіп жүрген мамандар ресми түрде «тәлімгер» мәртебесіне ие болды. Бұл жүйе жас қызметкерлердің бейімделуін жеңілдетіп, кәсіби өсуіне жол ашады. Мемлекеттік кірістер департаменті де тәлімгерлік институтын дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Бұл жүйеде тәжірибелі мамандар жас қызметкерлерге кәсіби білім мен тәжірибелік дағдыларды үйретуде қандай жұмыстар атқарып келеді? Әріптесім Сәния Есімсейітова баяндайды.
РКС: Тәлімгерлік алдымен қызметкердің тікелей басшысының ұсынысы негізінде бұйрық шығарылып, тәлімгер бекітіледі. Кейін тәлімгер жас маман үшін жеке бейімделу және кәсіби даярлық жоспарын әзірлейді. Жаңыл Жүсіпова мемлекеттік кірістер департаментінде 20 жылдан астам еңбек өтілі бар тәжірибелі маман. Ол осы уақыт ішінде көптеген жас қызметкерлерді оқытып, кәсіби тұрғыда қолдап келеді. Тәлімгерлік жүйесі енгізілгеннен бері ресми түрде жас мамандарға тәлімгерлік етіп, олардың қанаттануына үлес қосуда.
СНХ: ЖАҢЫЛ ЖҮСІПОВА, ТӘЛІМГЕР: Тәлімгерлік бұрыннан бар дәстүр. Дегенмен оның заңнамалық деңгейде бекітілуі – орынды әрі қажетті қадам деп есептеймін. Өйткені жас маман жұмысқа келгенде, егер оны бағыттап, қолдап отыратын тәлімгер болмаса, ол өз орнын таба алмай, қызметтен кетіп қалуы мүмкін. Мен өзім тәлімгер ретінде қашан да шәкіртіме жауапкершілікпен қараймын. Оның кәсіби мансабы мен мемлекеттік қызметтегі әрі қарайғы нәтижелі жұмысы менің тәлімгерлік міндетімді қаншалықты сапалы орындауыма тікелей байланысты.
РКС: Жұмысқа алғаш қадам басып, жаңа ортаға бейімделіп жатқан жас маман өзіне бағыт-бағдар беріп жүрген тәлімгеріне шынайы алғысын білдірді. Ол қызметке орналасқанына небәрі бір ай ғана болса да, өзім күткеннен де тез сіңісіп кеттім дейді. Жас маман бұл жетістігін ең алдымен тәлімгерінің қолдауы мен көмегінің нәтижесі деп бағалайды.
СНХ: ҚЫМБАТ ТАЛҒАТОВА, ЖАС МАМАН: Мемлекеттік қызмет жүйесіне алғаш келген бетте тәлімгердің қолдауы зор екенін айтқым келеді. Тәлімгерім мені ұжымның дәстүрлерімен, әріптестеріммен таныстырып, қоғамдық бастамаларға қатысуға тартады. Бұл маған өзін тек жаңа қызметкер ретінде емес, команда мүшесі ретінде сезінуге де мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол өзінің тәжірибесімен, жұмыс барысында қолданатын тиімді әдістерімен бөліседі. Мен тәлімгерімнің қолдауы мен көмегіне ризамын. Әрдайым жігерлендіріп, алға жетелеп отырады. Оның арқасында мен мемлекеттік қызметке сіңісіп, лайықты маман болып қалыптасуға барлық мүмкіндікке ие екенімді сезінемін.
РКС: Тәжірибе көрсеткеніндей, бұл жүйе мемлекеттік қызметке қойылатын талаптар артып отырған қазіргі жағдайда өте өзекті әрі қажетті. Себебі, тәжірибелі маманның жаңа қызметкерге білім мен білігін беруі - оның кәсіби қалыптасуы мен өсуінің негізін қалайды.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ