ДИКТОР: Көкшетау қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндіру мақсатында шаһардың белсенді азаматтарының қатысуымен кеңейтілген мәжіліс өткізді. Мемлекет басшысы жаңа инвестициялық циклды іске қосу және экономикаға ірі инвестициялар тартудың қажеттілігін атап өтті. Бұл міндет Көкшетада қалай жүзеге асырылуда? Тілші айтсын.

РКС: Жыл басынан бері қала экономикасына шамамен 91,5 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есеге көп. Оның 60 проценттен астамы – жеке инвестиция. Қазір Көкшетауда 32 млрд теңгенің 14 жобасы жүзеге асырылуда. Ол 860 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандарды дамыту қала тұрғындарының өмір сапасымен тікелей байланысты. Осыған орай Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығына да назар аударды. Президенттің тапсырмасы бойынша футболды коммерцияландыру жалғасуда. Бұл тек кәсіби клубтарды қолдаумен қатар өңірде балалар мен жастар үшін берік негіз қалыптастыруды да көздейді.

СНХ: АЙГҮЛ НҮГЕРТАЕВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Біз Көкшетау қаласындағы балаларды футболға кеңінен тарту үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауымыз қажет. Балалардың әлеуеті шексіз. Олардың арасында болашақта еліміздің атын халықаралық аренада шығаратын Пеле мен Месси сынды спортшылар болуы мүмкін. Балаларға өз қабілеттерін ашуға мүмкіндік бермеу – болашақты жоғалту деген сөз. Осы мақсатта 13 мектепте спорттық секциялар ашылады. Қалада 133 ауладағы спорт алаңы бар, олардың 42-сіне жөндеу жұмыстары қажет. Сонымен қатар 41 воркаут алаңының 18-іне жөндеу жүргізу қажет.

РКС: Көкшетауда экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күшіне айналатын «Көкше Индастри» индустриялық аймағы құрылды. Бұл аймақ жаңа кәсіпорындарды тартуға, сонымен қатар, жүздеген қала тұрғынын жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы саласы да назардан тыс қалған жоқ. Әкімшілік әрі өнеркәсіптік орталық бола отырып, Көкшетау өңірдің ауыл шаруашылығын дамытуға да өз үлесін қосып келеді.

СНХ: СНХ: АҚЖОЛ ҚЫЛЫШБАЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Мемлекет басшысы «Қазіргі таңда ең өзекті міндеттің бірі бұл – агрохабтар және логистика орталықтарын дамыту» деп атап өткен болатын. «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамының – «Көкшетау әуежайы» филиалы Ақмола облысына беру жұмыстары пысықталуда. Осыған орай бүгінгі күні Көкшетау қаласында арнайы Халықаралық аэрохаб құру мәселесін қарастырып жатырмыз.

РКС: Сондай-ақ, Көкшетауда құны 380 млрд.теңгеден асатын жаңа жылу-электр орталығының құрылысы жүріп жатыр. Болашақта бұл станция қалаға электр және жылу энергиясын жеткізіп, қуат тапшылығын толықтай жояды. Бұл нысанда қазірдің өзінде 2,5 мыңға дейін уақытша жұмыс орны қарастырылған, пайдалануға берілгеннен кейін 400-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Көкшетау - өңірдің маңызды инвестициялық, аграрлық және логистикалық орталығына айналуда. Жаңа жобалар қаланың экономикасын нығайтуға, жұмыспен қамтуды арттыруға сондай-ақ, тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ