ДИКТОР: Отбасы күнін мерекелеу аясында «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауы облыстық кезеңінің жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. Байқауға қатысушылар үш кезең бойынша іріктеуден өтті. Жеңімпаздар қалай анықталды? Әріптесім Сәния Есімсейітова баяндайды.

РКС: «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы 2014 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Оның басты мақсаты – адамгершілік құндылықтарды жаңғырту, отбасы мен некенің оң үлгісін насихаттау және отбасы институтының мәртебесін арттыру. Қатысушылар аудандық, облыстық және республикалық деңгейлерде бақ сынады. Сонымен қатар байқау аясында Instagram, Facebook, TikTok әлеуметтік желілерінде ресми парақшалар ашып, #МерейліОтбасы хэштегімен бейнероликтер жарияланды. Бұдан бөлек, бұрынғы қатысушылар мен жеңімпаздардың тәжірибесін көрсету мақсатында сұхбаттар мен подкасттар ұсынылды.

СНХ: САБЫРХАН КЕНЖЕБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ІШКІ САЯСАТ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Биыл Мерейлі отбасына 100-ден астам біздің жан-жақтан келген үлгілі отбасыларымыз қатысты. Бұл жоба республика бойынша өте ауқымды өтіп жатыр. Жыл сайын осылай үлгілі деген отбасыларымыз қатысып, үлкен жүлдеге ие болады.

РКС: Облыстық комиссия отырысының қорытындысы бойынша 7 жеңімпаз отбасы анықталды. Байқаудың бас жүлдесін Мекебаевтар әулеті иеленіп, 500 мың көлемінде қаржылай сыйлыққа ие болды. Бұл – 9 бала тәрбиелеп өсірген, 30 немере мен 3 шөбере сүйіп отырған үлкен әрі үлгілі әулет. Отбасы мүшелері мәдениет пен өнер саласында кеңінен танымал: олардың қатарында мәдениет қайраткерлері, әнші-ақындар, жазушылар, ұстаздар және түрлі өнер иелері бар. Әулет ұлттық құндылықтарды сақтап, ұрпақ тәрбиесінде өнегелі үлгі көрсетіп келеді.

СНХ: МЕКЕБАЕВТАР ОТБАСЫ, ЦЕЛИНОГРАД АУДАНЫ: Біздің байқауға қатысуымыз қазақтың салт-санасын, әдет-ғұрпын дәріптеу, келешек ұрпаққа рухани бойына сіңіру. Қаншама еңбек жасадық, мұнда ұлттық наным-сенім, салт-сана осының бәрін ұрпаққа үйретіп, саналы ұрпақ тәрбиелеп жатырмыз. Осының бәрін өнер саласында осындай байқауларда, сахналық қойылым арқылы және бірнеше әңгіме әуен, жырларменен солардың санасына сіңіріп жатырмыз. Мерейлі отбасы болып жатырмыз. Ал отбасымен кірісетін себебіміз, келешек ұрпаққа өзіміздің білгенімізді осындай жолдармен жеткізіп мұра қылып қалдыруымыз керек. Біз үлкен жанұямыз. Балаларымызбен бірге отырып, бірге кеңесіп, дәріптеп отырамыз, үйде де солаймыз, қазақша сөйлесеміз.

РКС: Сондай-ақ, Қосшы қаласының тұрғыны Самалхан Зұлхажаптың отбасы бірінші орынға лайық деп танылып, 350 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болды. Екінші орынды иеленген Ақкөл ауданынан қатысқан Червяковтар отбасы 250 мың теңге көлеміндегі қаржылай сертификатпен марапатталса, үшінші орынды Бурабай ауданынан келген Хамзиндер отбасы иеленіп, 150 мың теңге көлеміндегі сыйақымен марапатталды. Барлық жеңімпаздарға ақшалай сертификаттардан бөлек, бағалы сыйлықтар да табысталды.

ИНТЕРШУМ:

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ