ДИКТОР: Красный Яр ауылындағы қалалық аурухананың стационары күрделі жөндеуден өтті. Жергілікті тұрғындар бұл сәтті көп күтті. Бастамашыл топ құрып, талай құзырлы органның табалдырығын тоздырған еді. Араға сегіз жыл салып стационар жаңартылды. Қазір 20 пациент ем-дом алып жатыр.

РКС: Жалпы бейінді және паллиативтік көмек бөлімшесі 50 жатын орынға шақталған. Ішінде қажетті жабдықтың бәрі бар. Бөлмелері жарық. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында кәсіпкерлер 40 тумбочка сыйға тартты. Зейнеткер Аманжол Шалтақов осыдан бірнеше күн бұрын ауруханаға түскен. Жүруі қиындапты. Қазір ақсақалдың денсаулығы біршама жақсарып қалған. Уақытылы ем-дом жасаған дәрігерлерге алғысын жеткізді.

СНХ: АМАНЖОЛ ШАЛТАҚОВ, ПАЦИЕНТ: Мен ауруханаға 9-шы күні түстім. Тізеден төмен, аяққа тұра алмадым, аяқтарым істемей қалды, жүре алмадым. Мені мұнда ұлым көтеріп алып келді. Қазір сәл жүре бастадым. Бәрі жақсы. Бүгін физиотерапия алдым, система салды, дәрі берді. Бәрі жақсы.

РКС: Красный Яр елдімекенінде 13 мыңға жуық адам тұрады. Оның 1600-дейі егде жастағылар. Жергілікті тұрғындар дәл осы денсаулық сақтау мекемесі үшін уайымдағандарын жасырмайды. Сәуле Нұрғалиева 2017 жылдан бері стационарды жөндеуге қатысты мәселе көтеріп келген еді. Сегіз жылғы табанды еңбектен соң және әкімшілік пен кәсіпкерлердің қолдауының арқасында мәселеле шешілді.

СНХ: СӘУЛЕ НҰРҒАЛИЕВА, КРАСНЫЙ ЯР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Жергілікті әкімге алғысымыз шексіз, бұл кісіге дейін талайы келіп кетті, олардың есігін талай қаққанымызбен, біздің құзыретіміздегі шаруа емес деп шығарып салатын. Екі-үш жылдың көлемінде осы әкіміміз жан-жақты қолдап келеді. Әкімшілікке бір-екі рет барып, мәселені айтып едім, шұғыл арада жеке кәсіпкерлерді тауып алды. Стационарға 40 тумбочка әкеліп берді.

РКС: Жаңартылған стационар әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған ауқымды жұмыстың бір бөлігі ғана.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ