ДИКТОР: Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ұйымдастыруымен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған ашық есік күні аясында Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру мәселелері де талқыланды. Сондай-ақ әлеуметтік қорғау, отбасының әл-ауқатын цифрлық бағалауға қатысты жаңа жүйені енгізуге ерекше назар аударылды.
РКС: Мемлекет басшысы осы жолғы Жолдауында «шектен тыс әлеуметтік жеңілдіктерді» сынға алды. Биылдың өзінде өңірде атаулы әлеуметтік көмек алуға 5 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Қолдау шамамен бір жарым мың отбасыға тағайындалған. Бұл дегеніміз 6 мыңнан астам адам. Оның 70 проценті балалар. Төлем сомасы жарты миллиард теңгеден асты. Оның ішінде қосымша 64 миллион теңге 1-ден 6 жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдемақыға бағытталды. Енді әлеуметтік көмек санат бойынша емес, нақты мұқтаждық болған жағдайда көрсетіледі. Осы мақсатта жаңа жүйе енгізілуде.
СНХ: ЕРЛАН МҰХАМЕДИН, ОБЛЫСТЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАРДЫ ҮЙЛЕСТІРУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Еліміз бойынша тұрғындар әл-ауқат деңгейіне қарай алты санатқа бөлінеді. Бұл санаттар отбасылар туралы мемлекеттік органдардан алынатын деректер негізінде айқындалады. 1-ші санат – азық-түлікке қаражаты жетпейтін отбасылар. 2-ші санат – күнделікті тамақтануға жеткілікті қаражаты бар, бірақ киім-кешек алуға келгенде қиналатындар. 3-ші санатта тұтыну тауарларын сатып алуда қиындықтар туындайтындар болса, 4-ші санатта тұтыну тауарларын сатып алуға мүмкіндігі бар, бірақ автокөлік алу мәселесі қиындық тудыратын тұлғалар. 5-ші санат бойынша жақсы табысы бар, бірақ баспана сатып алу мәселесі бар отбасылар. Ал 6-шы санатқа бірнеше жылжымайтын мүлік пен автокөліктері бар, табысы өмір сүру шегінен төрт есе жоғары отбасылар жатады.
РКС: Бұл жерде мемлекет өзінің негізгі функцияларын орындаудан бас тартып отыр дегген сөз емес,-деді Президент. Шын мәнінде қолдауға мұқтаж азаматтар үшін жаңа жүйе қолайлы болмақ. Бағдарлама түрлі анықтамаларды жинап, кабинеттерді аралау қажеттілігін жояды. Барлық мәлімет автоматты түрде отбасылық цифрлық картадан алынады. Бұл база 30 мемлекеттік ақпараттық жүйенің деректерін жинақтап, қызметтерді бір жерге шоғырландыру үшін пайдаланылады. Цифрлық шешімдер мұқтаж жандарды жедел анықтауға және негізсіз төлемдерге жол бермеуге мүмкіндік береді.
СНХ: ШОЛПАН РАХМАТУЛЛИНА, ОБЛЫСТЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАРДЫ ҮЙЛЕСТІРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Бүгін біз Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында түсіндіру жұмыстарын өткіздік. Атаулы әлеуметтік көмек мәселелеріне ерекше назар аудардық. Өңірде шамамен мүмкіндігі шектеулі 29 мың адам тұрады, және оларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсетуде елеулі өзгерістер енгізілуде. Ең бастысы – қолдау шын мәнінде тек оған мұқтаж отбасыларға көрсетілуі тиіс.
РКС: Аймақта масылдық деңгейінің біршама төмендегені байқалады. Соңғы бес жылда атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны бес есеге қысқарды: 2019 –шы жылғы көрсеткішпен салыстырғанда былтыр шамамен 10 мыңнан екі мың отбасыға дейін төмендеген. Мамандардың айтуынша, цифрлық технологиялар мен атаулы қолдаудың үйлесімі әлеуметтік саясатты неғұрлым әділ әрі тиімді етпек.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЖАНДОС САЙЛАУ, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ