ДИКТОР: Облыстық тарихи-өлкетану музейінде соңғы екі жыл бойы жүзеге асырылған «Асыл мұра» мұражайлық жобасы аяқталды. Бүгін геология саласының мамандары мен зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен жобаның салтанатты жабылу рәсімі өтті. Жоба аясында мұражай қоры құнды экспонаттармен толықтырылып, келушілерге арналған жаңа тақырыптық көрмелер ұйымдастырылды. Осылайша, «Асыл мұра» бастамасы өңірдің тарихи және табиғи байлығын кеңінен насихаттауға мүмкіндік берді. Әріптесім Сәния Есімсейітова баяндайды.

РКС: «Асыл мұра» мұражайлық жобасы 2023 жылы музей қызметкерлерінің бастамасымен қолға алынған еді. Екі жыл ішінде мұражай қорына 227 жәдігер табысталды. Осылайша, «Асыл мұра» бастамасы өңірдің тарихи және табиғи мұрасын кеңінен насихаттауға, оның құндылықтарын сақтап, келешек ұрпаққа жеткізуге зор мүмкіндік берді.

СНХ: ҚҰДАЙБЕРЛІ МЫРЗАБЕК, ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МҰРАЖАЙЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Бұл жоба геологиялық байлықтар мен су ресурстары, сол жер асты суларын зерттеуде, еліміздің қазба байлықтарын зерттеуде еңбек сіңірген жетекші мамандардың бүгінгі күндегі еңбегі ұшан-теңіз. Осы жоба аясында Айтқажы Қазбеков, Берді Айтмұханбет ағамыздың, Евгений Пятовтың мұралары, олардың отбасы, ұрпақтары осы жобаға ат салысты. Мұражайдың экспозиция залында осы аты аталған тұлғаларға арнайы орын бөлініп, екі жыл ішінде осы кісілердің еңбегі насихатталып келді.

РКС: Шараға Жер қойнауын барлау саласының үздіктері, ерлі-зайыпты Александр мен Маргарита Шершаковтар арнайы шақырылды. Олар бұл жобаның жүзеге асырылуына елеулі үлес қосқан мамандар. «Мұражайға жәдігер сыйла» акциясы аясында олар мұражай қорына құнды заттарды тапсырды. Қазір бұл жәдігерлер мұражайда ерекше экспонат ретінде сақтаулы тұр.

СНХ: АЛЕКСАНДР ШЕРШАКОВ, ЖЕР ҚОЙНАУЫН БАРЛАУ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІГІ: Бүгінгі күні геологиялық барлау жұмыстары, әлі де ерекше маңызға ие. Жастарды геологиялық салаға тарту маңызды. Өйткені бәрімізге белгілі, Қазақстан өнеркәсіптік дамуда негізінен кен орындарына тәуелді. Дегенмен, кейбір адамдар елдегі пайдалы қазбаларды шексіз деп есептейді. Шын мәнінде олар шектеулі, аз ақ. Сондықтан оларды үнемі іздеп табу, зерттеу және өндіру маңызды. Қазір геологиялық сала іс жүзінде дерлік жойылған; тек 30 жылдан астам бұрынғы кеңес үкіметі кезеңінде ашылған кен орындарына негізделген өндіру саласы ғана қалған.

РКС: Мұражай қызметкерлері өңірдің көрнекті ғалымдарының өмірі мен қызметін бейнелейтін арнайы шағын көрме ұйымдастырды. Стеллаждарда ғалымдардың еңбектерімен қатар олардың ғылыми жаңалықтары мен гидрогеологиялық қызметтің дамуына қосқан үлесін көрсететін фотосуреттер мен кітаптар орналастырылған. Өңірдің тарихын, өлкенің жаңа зерттеулерін таныстырған бұл жоба алдағы уақытта да жалғаспақ.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ