ДИКТОР: Степногорск қаласының Бестөбе кентінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтті. Сенбілікке елдімекеннің бес жүзге жуық тұрғыны қатысты. Экологиялық акцияға ұйым қызметкерлері, мұғалімдер, оқушылар мен жастар белсенділік танытты. Олар туған өлкенің тазалығы мен сұлулығын сақтау үшін бірлесіп еңбек етті.

РКС: Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қолға алынған экологиялық бастама Бестөбе жұртшылығы арасында дәстүрге айналып келеді. Апта сайынғы сенбіліктерде мекемелер өз аумақтарын тазартса, тұрғындар көшелерді ретке келтіріп, кәсіпкерлер айналаны абаттандыруға белсене кірісуде. Бұл жолғы акцияға бес жүзге жуық адам қатысып, туған өлкенің тазалығы мен көркін арттыру жолында күш біріктірді.

СНХ: СЫРЫМ ҚАБАЙ, БЕСТӨБЕ КЕНТІНІҢ ӘКІМІ: Кентімізді көркейтуге әр бір сенбілікке халық бізде шығады. Осы орайда әр бір сенбі бізде поселокты жинауға халқымыз келіп тұрады. Бүгін енді әрбір мекеме мектептінің алдарын тазалайды, халықтар өздерін көшелерін тазалайды, кәсіпкерлер өздерінің магазиндердің алдарын тазалайды. Машиналар барлығы дайын тұр.

РКС: Акцияға Бестөбе жастары мен жастар ресурстық орталығының волонтерлері де белсене қатысты. Оларға Степногорск жоғары колледжінің, Тау-кен техникалық колледжінің және «Мақсат» колледжінің студенттері қосылды. Олар еліміздегі тазалық пен тәртіпті сақтау – әр азаматтың жеке жауапкершілігінен басталуы тиіс,-дейді.

СНХ: ӘНУАР ҚАЗЫР, СТЕПНОГОРСК ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖІНІҢ ӨНДІРІСТІК ОҚЫТУ ШЕБЕРІ: Біз бұл акцияны қолдауды жөн көрдік, өйткені тұратын жеріміздің тазалығын ең алдымен өзіміз сақтауымыз керек. Тек қалаларда ғана емес, ауылдар мен кенттерде де. Қазақстан – бәріміздің ортақ үйіміз. Мұндай акциялар біз үшін үйреншікті іс. Шақырту түскен сәтте қол ұшын созуға әзірміз. Бұдан бөлек, қала ұйымдары мен волонтерлерді тарта отырып, өзіміз де экологиялық жобалар әзірлеп, жүзеге асырамыз.

РКС: «Таза Қазақстан» акциясы мектеп оқушыларынан бастап кәсіпкерлерге дейін ортақ мақсатқа жұмылдырды. Ұйымдастырушылар мұндай бастамалар елді мекенді абаттандыруға серпін беріп қана қоймай, өскелең ұрпақтың бойына тазалық пен тәртіпке деген мәдениетті сіңіріп, туған жерге жауапкершілікпен қарауды үйретеді деген пікірде.

СНХ: ҒАБДІЛМАНАТ ҚАЛИМУЛИН, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР: Мен осы елдің тума баласымын, кәсіпкерімін. Енді ауылымызды тазалау біз үшін өте маңызды, өйткені таза ел, көшелер таза болса, халықтың санасы, сана-сезмі де таза болады. Сондықтан жастарға үлгі көрсетейік деп, зейнеткер болсақ та шығып, осы қолымыздың ұшын берейік деп, осы ауламызға шығып отырмыз.

РКС: «Таза Қазақстан» акциясы Ақмола облысының өзге өңірлерінде де жалғасуда. Бұл бастамаған қатысушылар тазалық пен тәртіпті сақтау – әр азаматтың борышы деп есептейді. Өйткені, елдің экологиялық болашағы дәл осындай қарапайым әрі жүйелі істерден бастау алатыны сөзсіз.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЖАНДОС САЙЛАУ, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.