ДИКТОР: Көкшетауда №13 «ЭКОС» мектеп-гимназиясында инклюзияны қолдау кабинеті ашылды. Бұл кабинет өңірде ашылған бесінші нысан. Бұған дейін мұндай сыныптар Оразақ, Қызылжар, Қараменді батыр және Ыбырай Алтынсарин ауылдарындағы мектептерде іске қосылған еді. Қазір инклюзивті біліммен 164 бала қамтылған.

РКС: Жобаның бас серіктесі ретінде «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры қолдау көрсетті. Қор заманауи жабдықпен қамтамасыз етіп қана қоймай, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға оқу жылы бойы қолдау көрсететін 30 маманды даярлады.

СНХ: СВЕТЛАНА ШЕСТАКОВА, ЕРЕКШЕ БАЛАНЫҢ АНАСЫ: Енді баламыздың дамуына көбірек мүмкіндік пайда болды. Ресурстық сыныптар біз үшін аса қажет. Инклюзияның біздің мектепке енгізілуі өте маңызды. Осындай игі мүмкіндік жасаған демеушілерге зор алғыс білдіреміз. Баламыз басқа балалармен бірге қарым-қатынас жасап, білім алады. Бұл біз үшін өте қажет. Баршаңызға үлкен алғысымызды білдіреміз.

РКС: Аумағы 93 шаршы метрді құрайтын жаңа кабинетте сенсорлық бөлмеден, адаптивті дене шынықтыру мен сенсорлық интеграция залының жиынтығы қарастырылған. Аталған кабинет 101 балаға арналған. Мұнда балалардың сөйлеу, қимыл-қозғалыс және қарым-қатынас дағдыларын дамытуға мүмкіндік бар. Бұл олардың білім алуына сондай-ақ, қоғамға бейімделуіне де септігін тигізеді.

СНХ: ТОРҒЫН БИКІШЕВА, ПЕДАГОГ-ПСИХОЛОГ: Бұл – сенсорлық интеграция және адаптивті дене шынықтыру кабинеті. Мұнда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған сабақтар өткізіледі. Жұмыс жеке форматта да, 4 балаға дейінгі шағын топтарда да жүргізіледі. Сабақ барысында сенсорлық интеграция мен адаптивті дене шынықтыру балалардың ұсақ және ірі моторикасын, қимыл-қозғалыс үйлесімділігін дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар, олардың қоғамда толыққанды дамуына, яғни әлеуметтік бейімделуіне және сыныптағы басқа балалармен қарым-қатынас орнатуына мүмкіндік береді.

РКС: Көкшетауда инклюзияны қолдау кабинетінің ашылуы облыс аумағында инклюзивті сыныптар желісін кеңейтудегі маңызды қадам. Мұндай жобалар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың өз қатарластарымен бірге қолайлы ортада білім алуына мүмкіндік береді. Мүмкіндігі шектеулі балалардың барынша тең білім алу және даму мүмкіндігімен қамтылуы үшін алдағы уақытта жаңа кабинеттер ашу жұмыстары жалғасын таппақ.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЖАНДОС САЙЛАУ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК КӨКШЕ АҚПАРАТ