ДИКТОР: Көкшетауда 25 өрт сөндіру бөлімшесінің қатысуымен «Вертикалды шақырту – 2025» облыстық байқауы өтті. Байқау Бұқпа тауының етегіндегі қала көрінісін тамашалайтын алаңында ұйымдастырылды. 75 өрт сөндіруші арнайы киімде тапсырмаларды белгіленген уақыт ішінде орындады.
РКС: Үш адамнан құралған команда жылдамдыққа, ептілік пен шыдамдыққа қаншалықты сай екендерін көрсетіп жарысты. Алғашқы кезеңде қатысушылар мотопомпаға дейін еркін жүгіру сайысында бақ сынасты. Бұл жерде тек жылдам жүгіріп жету емес, сонымен қатар команда мүшелерінің үйлесімді әрекеті маңызды. Одан соң өрт сөндіру көлігіндегі құбыр тармағын ашып, су беру тапсырмасын орындаса, қорытынды кезеңде құтқару арқанын құрылғыға бекіту жүзеге асырылды. Айта кету керек, зардап шеккендер шартты түрде эвакуацияланды. Барлық қатысушы тапсырмаларды бір уақытта орындағанымен, уақыт тек соңғы қатысушы жаттығуды аяқтағанда ғана тоқтатылды.
СНХ: ӘДІЛЕТ СЕРІК, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ ЖЕДЕЛ КЕЗЕКШІНІҢ КӨМЕКШІСІ: Көріп отырғандарыңыздай, барлық қатысушылар өздерінің кәсіби дайындықтарын көрсетіп, шеберліктерін шыңдауда және жеңіске деген жігерін айқын танытуда. Бүгінгі жарыста қатысушылар баспалдақпен жоғары өрмелеп, жылдамдықтарын көрсетіп жатыр. Бұл – шынайы өрт кезінде аса қажет дағдылардың бірі. Осы жаттығулардың нәтижесінде болашақта кез келген тапсырманы жоғары деңгейде орындап, халықтың қауіпсіздігін толық қамтамасыз ете алатынымызға нық сеніммен айта аламын.
РКС: Ереже бұзылған жағдайда командаларға қосымша уақыт түрінде айыппұл белгіленді. Ол құтқарушыға қойылатын сыртқы талаптарды сақтамау, тапсырмаларды орындау кезінде жіберілген қателіктер, сондай-ақ кезең барысында жабдықты жоғалту жағдайларына қатысты қолданылды. Байқауға Ақкөл аудандық өрт сөндіру бөлімшесінің өкілдері де қатысты. Қатысушылар еркін жүгіру ең қиын кезең болғанын айтуда.
СНХ: ТЕМІРЛАН ТЕМІРБЕКОВ, №26 ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНІҢ ҚАРАУЫЛ БАСТЫҒЫ: Біздің бөлімше бұл байқауға алдын ала дайындалып, жаттығулар өткіздік. Бүгінгі сынақтан сүрінбей өттік деп ойлаймын. Барлығы көңілімізден шықты.
РКС: Бірінші орынды Бурабай аудандық өрт сөндіру бөлімшесінің өкілдері жеңімпаз атанды. Екінші орынға Көкшетау қаласының өрт сөндірушілер командасы лайық деп танылса, үшінші орын Жақсы ауданы өрт сөндірушілерінің құрамасына бұйырды.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ