ДИКТОР: Өңірде егін жинау науқаны қыза түскен. Облыстың аграрийлері 2 миллион тоннадан астам бидай мен дәнді-бұршақ дақылын жинап үлгерді. Шортанды ауданына жұмыс сапары аясында облыс әкімі Марат Ахметжанов алқаптарға барып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесті.

РКС: Шортанды ауданында 200 мың гектарға жуық жерге дәнді және дәнді-бұршақты, ал шамамен 40 мың гектарға мал азықтық дақыл егілген. Бүгінгі күнге дейін барлық егістік алқаптың үштен біріне жуығы жиналды. Шығымдылығы гектарына 15,5 центнерден айналуда. Жергілікті шаруашылықтар «Кең дала – 2» бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдау алып, бөлінген қаражатты минералдық тыңайтқыштар, химиялық препараттар мен қосалқы бөлшектер сатып алуға бағыттады.

СНХ: БАУЫРЖАН ЕСІЛБАЕВ, «SAGHYM-BIDAY GCK» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Биыл біз 16 мың 155 гектар жерге дән сіңірдік. Оның 8 мың гектары – жұмсақ, 4 мыңы қатты бидай, шамамен 3 мың гектары – майлы дақылдар,яғни зығыр. Бұршақ дақылдарының ішінде қызыл жасымық егілді. Ауа райы қолайлы болып тұр әзірге. Соның арқасында өнімділік те жоғары. Амандық болса биыл гектарынан 25 центнерден кем емес өнім алуды жоспарлап отырмыз.

РКС: Аймақ басшысы Марат Ахметжанов Ақмола облысы еліміздің басты астықты өңірі екенін атап өтті. Саланың дамуына негізгі серпін беретін күш – тиімді жұмыс істейтін аграрлық құрылымдар болуы тиіс деді ол.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Мемлекет тарапынан осындай айтарлықтай көмек көрсетілгендіктен, оның тиімділігі мен нақты нәтижесі болуы тиіс. Ең бастысы – оны мақсатқа сай тиімді пайдалану, содан кейін нәтижесін көрсету және тәжірибемен бөлісу қажет.

РКС: Өңір басшысы тиімді нәтижеге қол жеткізіп, әлеуметтік жауапкершілікті сезіне білетін шаруашылықтардың басымдыққа ие екенін атап өтті. Облыс әкімінің жұмыс сапары Петровское ауылында жалғасуы да тегіннен-тегін емес. Мұнда кәсіпорын жергілікті тұрғындарға айтарлықтай қолдау көрсетіп келеді.

СНХ: ДАНИЯР ӘБЕНТАЕВ, «ПЕТРОВСКОЕ» АКЦИОНЕРЛІК ҚОҒАМЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Біз облыстағы және аудандағы көптеген кәсіпорын сияқты әлеуметтік жауапкершілікті сезінеміз. Жұмысшыларға және ауыл тұрғындарына күнделікті тұрмыстық мәселелерде қолдау көрсетеміз. Соның ішінде құбыр желілерін ауыстыру жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Әкімшілікпен бірлесіп үш көшені асфальттадық. Сонымен қатар, қоршауларды ауыстырып, тұрғындарға үй шаруашылығы мәселелерінде – шатырды жаңарту, қосалқы шаруашылыққа көмек көрсету сияқты – қолдау көрсетуге тырысудамыз.

РКС: Кәсіпорынның меншігінде спорт кешені мен мәдениет үйі де бар. Бұдан бөлек, компания мектеп пен балабақшаны тамақпен қамтамасыз етуде. Көшелерді абаттандыру жұмыстарымен де айналысады.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ