ДИКТОР: Кез келген бизнесті ұлттық брендке айналдыруға болады. Облыстық кәсіпкерлер палатасында Орталық Азия Франчайзинг қауымдастығының өкілдерімен кездесу өтті. Жиынға қатысушылар өңірлік жағдайда брендті пайдалану құқығын беру мен шағын және орта бизнесті кеңейту жолдарын талқылады. Бұдан бөлек, жергілікті кәсіпкерлерге «KazBrand» реалити-байқауы туралы ақпарат беріліп, бұл бастамаға қатысу мүмкіндіктері түсіндірілді.
РКС: Көкшетау – еліміздегі франчайзинг турының 15-ші қаласы атанды. Бизнес қауымдастықпен өткізілген кездесулердің басты мақсаты –бизнесті жаңа деңгейге көтеру мүмкіндігімен таныстыру. Осы орайда Қазақстанда «KazBrand» реалити-байқауы басталды. Оның жеңімпаздары дайын франшиза алады әрі сарапшылар командасы алғашқы бетте кәсіптің қыр-сырын үйретеді. Қазірдің өзінде 900-ге жуық адам қызығушылық танытқан. Олар кәсібін дөңгелетіп отырғандар. Өздерінің жергілікті жобаларын кеңейтуге дайын.
СНХ: СЕЙСЕНҒАЛИ ҚАЛИАҚПАРОВ, ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ФРАНЧАЙЗИНГ ҚАУЫМДАСТЫҒЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Біз франчайзингті дамыту үшін барлық инвестициялық алғышарттар бар екенін және нарықтың қалыптасқанын түсінеміз. Оны елемеу мүмкін емес, мұнымен мұқият айналысу қажет. Франшиза – бұл алаяқтық схема емес. Бұл заңды негіздегі қызмет, құқықтық аспектілерді сақтауды талап ететін іс. Франчайзинг жүйесі сіздердегі сауда орталықтарында, еркін экономикалық аймақтарда бар екенін білеміз. Сондай-ақ, халықаралық және қазақстандық франшизалар да бар. Франчайзинг мәселесі туындағанда алдымен ұлттық бренд қалыптастыру керек. Ұлттық бренд пайда болған кезде ең алдымен өз-өзіңді түсіну, неге басты назарды аудару қажет, нені құрметтеу керек екенін және тиісті сервис ұсынуды ұғыну маңызды.
РКС: Кәсіпті кеңейту мақсатындағы байқауға қатысу негізгі 4 бағытты ұсынады. Жеңімпаздар өндіріс, қызмет көрсету, ритейл және қоғамдық тамақтандыру санаттары бойынша таңдалмақ. Кездесу барысында ақмолалық кәсіпкерлер ойларын ортаға салып, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды. Бизнесті жүргізудің өзекті мәселелері де талқыланды.
СНХ: РАСУЛ СЫЗДЫҚОВ, ӨҢІРЛІК КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Заңнамалық тұрғыда құқық қатынастары реттелмеген. Иә, франшиза ұғымы бар. Патент үшін біржолғы төлемдер енгізілген. Дегенмен, франшизаны алушыдан қосымша төлемдер талап етіледі. Мысалы, келісімшарттарды мұқият зерттеп, талдай келе, белгілі бір тәуелділік немесе біржақты міндеттемелер бар екенін байқадық. Бұл қосымша төлемдер кірістің 25–40 процентіне тең. Нәтижесінде, франшизаны алушының қызығушылығы төмендейді.
РКС: Келісім-шарт негізінде бренд немесе бизнес-идея иесі кез келген кәсіпкерге өз өз ісін пайдалану құқығын бере алады. Қазіргі таңда франчайзинг тақырыбы бұрынғыдан да өзекті. Өйткені, сарапшылар Қазақстанда болашағы зор бизнестің көп екенін айтады. Десе де, көптеген кәсіп иесі бір қаламен шектеліп қалып жатады. Болашақта бұл бағытта жүйелі шешімдер қабылданбақ. Сонымен қатар заңнамаға түзетулер енгізу де ұсынылады деген болжам бар.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ.