ДИКТОР: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Қазақстан 3 жыл ішінде цифрлық елге айналуы керек,-деді Президент. Өңдеу өнеркәсібінің дамуына да жаңа серпін беретін уақыттың жеткенін қадап айтты. Қазіргі бұлыңғыр заманда ең басты міндет – еліміздің егемендігін, жеріміздің тұтастығын нығайту қажет екеніне назар аударды. Мемлекет басшысының Жолдауын Көкшетаудағы белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ұжымы мен мұндағы түрлі үйірмелерге келіп жүрген зейнеткерлер ұйып тыңдады.
РКС: Көкшетауда биыл ашылған белсенді ұзақ өмір сүру орталығында қазір көптеген зейнеткер заман ағымына ілесіп, түрлі үйірмелерге қатысуда. Мұнда қарттарға жан жылуы, қамқорлық көрсетіліп, араласар орта мен уақыттарын тиімді өткізуге үлкен мүмкіндік жасалған. Зейнеткерлер Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауын тыңдау үшін мәжіліс залына жиналып, тікелей эфирде тамашалады.
СНХ: ШИЯП ӘЛИЕВ, ҚАЛАЛЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Маған бір ұнағаны туризм мен көлік логистикасы туралы айтқаны. Құдайдың берген жері ғой бізде, ірі мемлекеттердің ортасында тұрмыз. Қытай, Батыс Европа, Россияға, орта шығысқа бару үшін жолдар Қазақстан арқылы өтеді. Теміржол мәселесі, аэропорт мәселесі, әуе жолдары мәселелері солардың барлығын дамыту туралы Үкіметке үлкен тапсырыс беріп жатыр. Осылар іске асса Қазақстанымыз әрі қарай дамыр еді.
РКС: Өткен жылы елімізге сырттан келетін туристер саны рекордтық көрсеткішке жеткен. Туризмді басым сала ретінде әрі қарай дамыту қажеттігін Мемлекет басшысы осы Жолдауда тағы да баса айтты.
СНХ: БАҚЫТ СМАҒҰЛ, БЕЛСЕНДІ ҰЗАҚ ӨМІР СҮРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Бүгінгі Жолдауда мынау экономикалық мәселелер, қаржы, инвестиция сынды көп мәселелер көтерілді. Экономиканы көтеру арқылы әртүрлі мәселелер қоғамдағы басқа да өзгерістерге серпін беретін саланы дамытуға мүмкіндік туады. Өйткені қазір айтылып жатқан экономикадағы қаржы мәселесінің жетіспеушілігі жергілікті жерлерде байқалып қалады. Жергілікті жердегі туризм, ауылшаруашылығы мәселесі айтылды. Туризм бізге жақын. Жанымызда тұрған Бурабай әлемдік деңгейдегі үлкен курортты аймақ. Соны дамыту көп жылдан бері айтылып келеді.
РКС: Өскелең ұрпақ - ел болашағы. Бүгінгі алқалы жиында көтерілген мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллектіге қатысты бағдарламаның қажеттігі өте орынды,- дейді ақмолалық ардагерлер.
МАҚПАЛ АЙБАБИНА, САБЫРБЕК ҚҰЛАТАЙҰЛЫ, КӨКШЕ АҚПАРАТ