ДИКТОР: «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде туристер үшін бірегей маршрут пайда болды. «Бөлектау» бағыты бойымен салынған қауіпсіз экожол елімізде алғаш рет геймификация элементтерімен толықты. Енді саяхатшылар жолды квест түрінде де жүріп өте алады: QR-кодтарды сканерлеп, аудиогид тыңдап, тіпті Telegram-бот арқылы байланыса алады.

РКС: «Бөлектаудағы» экожол қонақтарды әсем қақпа арқылы қарсы алып, демалыс алаңына жеткізеді. Бұрын бұл аймақ туристер үшін ең тік әрі қауіпті болатын. Енді ол қауіпсіз әрі қолайлы бағытқа айналды. Жолға арнайы төсем төселіп, Бөлектаудың табиғи ерекшеліктерін таныстыратын ақпараттық стендтер орнатылды. Экожол бойымен жүріп өткен саяхатшы өңірдің өсімдіктер мен жануарлар дүниесі жайлы тың деректерге қанығып қана қоймай, «Бөлектауға» қатысты аңыздарды да біле алады. Бұған қоса, QR-кодтар арқылы қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі аудиогид қолжетімді. Тағы бір жаңашылдық – орталық стенд. Ол фотокаталитикалық жабынмен қапталған, күн сәулесі түскен сәтте ауаны өздігінен тазартады. Бұл – табиғатты қорғау мен экотуризмді дамытудағы жаңа қадам.

СНХ: ИРИНА ХАРИТОНОВА, ПЛАТОН НЕЧАЕВ, ЭКОБОТТЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫЛАР: Мен – Платон Нечаев, Ирина Харитонованың баласымын. Мен экоботтың авторымын. Біз оның жобасын осы экожолға енгіздік, нәтижесінде Қазақстандағы алғашқы геймификацияланған маршрут пайда болды. Біз ең алдымен өзіміз турист ретінде ұлттық паркте жүрсек, өзіміздің қай жерде тұрғанымызды және сол тұрған аймағымыздың аңыздары туралы білмейтінімізді ойладық. Сол себепті бізге ойын элементтері енгізілген Telegram-бот жасау идеясы келді.

РКС: Жоба Home Credit Bankтің қолдауымен, «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі және Ақмола облысының туризм басқармасымен бірлесе жүзеге асырылды. Экожол банктің Қазақстандағы 20 жылдығына орай қолға алынған ауқымды әлеуметтік бағдарламаның бір бөлігі.

СНХ: КИРИЛ БАЧВАРОВ, HOME CREDIT BANK БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ: Көптеген жобаның ішінен біз дәл осы Бурабай курортына экожол жасауды таңдадық. Біз өзіміз де Бурабайды жақсы көреміз және жоғары басқару командасымен екінші жыл қатарынан бірнеше күн, кейде бір апта бойы стратегияны талқылау үшін осында келеміз. Сол себепті біз осы өңірдің тұрғындары мен қонақтарына көмектесіп, артта бір із қалдырғымыз келді. Бұл жобаны Ақмола филиалының директоры Софьяның бастамасымен жүзеге асырдық».

СНХ: СОФЬЯ КАРАПИДИ, HOME CREDIT BANK АҚМОЛА ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Шындығында, біз өз курорттық аймағымызды жақсы көреміз және әрдайым әріптестерімізді осы жерге ертіп келеміз. Біз Бурабайда жиі іс-шаралар өткіземіз. Шын мәнінде өз үлесімізді қалдырғымыз келді. Өйткені бұл тау кез келген маршруттың бір бөлігі және оның көрінісін әрдайым суреттерден тамашалаймыз. Қазір біз маршрутты туристер үшін қолжетімді, ыңғайлы, экологиялық таза және қауіпсіз етіп жасадық. Біз бұл жобамен өте мақтанамыз және экожолды көптеген ұрпақ пайдаланады деп үміттенеміз. Сонымен қатар, тау шыңына шығатын туристер саны едәуір артады деп сенеміз.

РКС: Экожолдың ашылу салтанатына мемлекеттік мекеме өкілдері, Kazakh Tourism ұлттық компаниясы, дипломатиялық корпус, сондай-ақ, қоғамдық ұйымдар қатысты. Алғашқы қонақтар аудиогидті қолданып, квест форматында маршруттан өтті.

СНХ: ЕРНАР ЖӘРКЕШОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Біз Бурабай курортының тарихи мұрасын ескере отырып, осындай жобаларды іске қосамыз. Бөлектау тауының өзіндік тарихы, аңыздары бар. Бұл жоба Home Credit Bank басшылығымен бірлесіп, қаржылық қолдауымен жүзеге асырылды. Бұл олардың әлеуметтік-корпоративтік жауапкершілігінің көрсеткіші. Олар қаржы бөлді және мұндай соқпақ салар алдында барлық экологиялық талаптар ескерілді. Бұл таудың экологиясына, жергілікті жерге және жануарлар дүниесіне ешқандай зиян келтірмеу үшін.

СНХ: ДАНИЕЛ СЕРЖАНҰЛЫ, «KAZAKH TOURISM» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Бөлектау тауы туристер үшін өте маңызды. Бұл орын туристер арасында өте танымал, себебі тау басынан курорттық аймақтағы үш көлдің керемет көрінісі ашылады. Біз, «Kazakh Tourism» ретінде, саналы экотуризмді дамытып, туристер санын арттыруға күш саламыз. Мен оған толық сенімдімін. Кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілік аясында құрылған осындай инфрақұрылым бұл өңірге келетін туристер санын одан әрі арттыруға мүмкіндік береді. Экожолдың ашылуы Home Credit Bank-тің қолдауымен, сондай-ақ өңір әкімдігінің тікелей қолдауымен жүзеге асырылды.

РКС: Жаңа экожол тек туристік мүмкіндікті кеңейтіп қана қоймай, табиғатты сақтау жолында бизнес, билік пен қоғамның күшін біріктіріп отырғанын айғақтайды.

ИНТЕРШУМ:

ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ.