ДИКТОР: Наурыздың 1-де басталған көктемгі әскерге шақыру науқаны 30 маусымға дейін жалғасады. Биыл елімізде мерзімді әскери қызметке 21 мыңнан астам жас азаматты шақыру жоспарланып отыр. Оған 18 бен 27 жас аралығындағы, кейінге қалдыру құқығы жоқ азаматтар жатады.
РКС: Күні кеше Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің облыстық әскерге шақырылушыларды жинау пунктінен 18-ге толған 40 азамат Қарағанды облысы Приозерск қаласында орналасқан №06708 әскери бөліміне артиллерия бригадасында Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Мамырдың 30-ында олар әскери ант қабылдамақ.
СНХ: ҚУАНДЫҚ АРЫСТАНОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ №06708 ӘСКЕРИ БӨЛІМІ КОМАНДИРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Осы 40 сарбазды алып кетіп, сол жақта әскери антын қабылдайды, сонда 1 жыл өзінің әскери борышын атап, аман есен келесі жылы 2027 жылдың осындай 4 мамырында бәрін түгел қайтарамыз. Қазір әскери қарулы күштерінің қорғаныс минстірлігінің бұйрығына сәйкес әр сарбаз өзі бітірген соң үлкен жоғары оқу орындарына сертификат береміз, яғни 1 жыл әскери борышын өтеп болған соң олар грантқа әр сарбаз өзінің сертификаты грантқа жоғарғы оқу орындарына түседі. Өзінің қалаулы бойынша 3 қаланы не болмаса 3 жоғарғы оқуды таңдайтын болады, таңдап болған соң әскери борышын өтеп болған соң гранттың иегері болып, 1-ші курстан бастап қабылданатын болады.
РКС: Еліміздегі әскерге шақырылғандардың басым бөлігі Қарулы күштердің қатарын толықтырады. Сонымен қатар, мыңдаған сарбаз Ұлттық Ұлан, Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігі және Мемлекеттік күзет қызметінде борышын өтейді.
СНХ: АҢСАР АЙТМОЛДА, ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРЫЛУШЫ: Бүгін біз үшін өте маңызды күн. Себебі біз Қазақстан Республикасы Қарулы күштері қатарына қызмет етуге аттанайын деп жатырмыз. Мойнымызға түсетін борыштың қаншалықты ауыр екенін түсінеміз. Бүкіл сынақтарына дайынбыз. Отан алдында борышын өтей алатынымызға қуаныштымыз және де мақтан етеміз. Борышымызды адал өтіп қайтамыз. Кеше 18-ге толдым, бүгін қызмет атқаруға кетемін.
РКС: Ата-аналары мен жақын туыстары балаларын қолдап, әскерге шығарып салу үшін арнайы келді. Олар жас сарбаздарға ақ жол тілеп, ел алдындағы жауапты міндетті абыроймен атқаруларына сенім білдірді.
СНХ: АБАЙ СӘРСЕНБАЙ, ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРЫЛУШЫНЫҢ ӘКЕСІ: Ұлымыз Олжас, Ерейментау ауданынан келдік біз, Отан алдындағы борышын аман-есен атқарып келсін. 18-ге толды, өзі қалап, өзі келіп тұр әскерге. Бір жылдан кейін аман-есен қарсы алайық. Отан алдындағы борышын атқарып келсін. Денсаулығы мықты болсын.
РКС: Айта кетейік, биылдан бастап әскерге шақыру шараларын жыл бойы өткізу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл өз кезегінде әскер қатарын жүйелі түрде толықтыруға және ұйымдастыру жұмыстарын тиімді жүргізуге жол ашады.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ