ДИКТОР: Бұрынғы Көкшетау облысының аумағындағы, қазіргі Солтүстік Қазақстандағы тарихи-мәдени нысандардың бірі – Шоқан Уәлихановтың балалық шағы өткен Айғаным қонысы бүгінде туристерді тартатын маңызды орталыққа айналған. Бұл жерге жыл сайын шамамен бес мыңға жуық адам ат басын бұрады. Әсіресе ағартушының өмір жолы мен ғылыми мұрасына қызығушылық танытатындардың дені шетелдік қонақтар екен.

РКС: Қазақтың ағартушысы Шоқан Уәлиханов 12 жасына дейін Айғаным әжесінің тәрбиесінде болып, балалық шағы дәл осы Сырымбет ауылында өткен. Немересінің білімге құштарлығын ерте байқаған әжесі, оны ғылыммен қатар сурет және мүсін өнеріне де баулыған.

СНХ: НҰРГҮЛ ҚҰЛБАЕВА, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ ТАРИХИ-ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Айғаным әжеміздің қонысының алғашқы тарихына келетін болсақ, бұл жерлерде 1980 жылы қазба жұмыстары жүргізілген. Соның нәтижесінде бес үйдің іргетасы табылып, бір жылдың ішінде осы көріп тұрғын бес үй бой көтерді. Оған мешіт кіреді, тұрғын үйлері кіреді. Сонымен, медресе, мектебі және сайман қорасы.

РКС: Сырымбет ауылында Шоқан Уәлихановтың есімі берілген музей – өткеннің үнін бүгінге жеткізетін құнды рухани орда. Мұнда ғалымның өмір жолынан сыр шертетін, әр сапары мен зерттеулерінен хабар беретін бірегей жәдігерлер сақталған.

СНХ: НҰРГҮЛ ҚҰЛБАЕВА, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ ТАРИХИ-ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Құнды жәдігерлердің бірі ол Шоқан Уәлихановтың атын әйгілі еткен Қашқар саяхаты. Сол Қашқар саяхатында өзімен бірге алып жүрген, жол сандығымен танысамыз. Осы жол сандығында Шоқан Уәлиханов өзінің күнделіктерін, салған суреттерін осы сандықта сақтаған екен.

РКС: Шоқан - географ, этнограф, тарихшы, шығыстанушы. Оның суретшілік қабілеті мен сот ісіндегі қызметі де өз алдына бөлек зерттеуді қажет етеді. Бүгінде Шоқан Уәлихановтың осындай жан-жақты мұрасы көптеген ғалымдардың ғылыми еңбектеріне негіз болып отыр. Дегенмен, зерттеушілер ұлы тұлғаның өмірі мен шығармашылығында әлі де терең зерделеуді қажет ететін тың тұстар аз емес дейді.

СНХ: АМАНБАЙ СЕЙІТҚАСЫМОВ ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ: Шоқантану ол біз ғана емес, біздің ұрпаққа да үлгі болатын, мұра болатын зерттеуді қажет ететін тақырып қой. Енді Шоқанның біраз өмірі Омбы да өтті ғой. Омбыдағы Кадет корпусы. Сосын Санкт-Петербургте болды қаншама. Ол жақта да жабық архивтер болуы мүмкін. Қашқарияға барды. Ол Шың империясы Қытайдың қарамағында. Ол жақта да болып қалуы мүмкін.

РКС: Шоқан Уәлиханов – құйрықты жұлдыздай жарқ етіп, қысқа ғұмырында өшпес із қалдырған бірегей тұлға. Туа біткен дарынының арқасында ол кейінгі ұрпаққа мол рухани мұра қалдырды.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ