ДИКТОР: Киелі Көкше төрінде ұлттық өнердің алтын арқауын жалғаған «Бес асыл» республикалық өнер сайысы өтті. Қазақтың рухани қазынасына айналған ұлттық өнерді дәріптеген доданың басты ерекшелігі, бірнеше өнер түрін қамтыған комадалық жүйе. Жыр мен терме, күй мен айтыс, дәстүрлі орындаушылық өнер бір арнаға тоғысқан жоба. Арнайы шақырылған Атырау қаласының жыршы, термешілері мен айтыскер ақындары бұл додада Ақмола облысыныңы өнер иелерімен тартысқа түсті. Өнер сайысының қорытындысы бойынша бас жүлдені еншілеген команда келесі кезеңге жолдама алып, республикалық деңгейдегі өнер бәйгесін жалғастыру мүмкіндігіне ие болады.

РКС: Төл өнердің туын көкке желбіреткен қос команданың жетекшілері елімізге танымал айтыскер ақындары Саадат Нұрманов пен Арман Бердалин. Суырыпсалма шеберлігімен дараланған қос тұлға өз шәкірттерін ұлттық өнердің биік талғамына сай баптап дайындаған. Әр команданың құрамында 9 өнерпаздан топтасқан дарынды жастар бар. Олар бірде жырдың, бірде терменің тұнық иірімін төгілте орындап, ұлттық өнердің сан қырлы болмысын сахна төрінде айшықтай түсті. Айрықша атап өтерлігі, бұл сайыста айтыс өнерінің көнеден жеткен түрлері өтірік өлең, сүре және түре айтысы да көрініс тапты. Қос команданың мүшелері бұл сыннан сүрінбей өтіп, тапқырлық пен шапшаң ойдың, биік үлгісін көрсете білді.

ИНТЕРШУМ:

СНХ:БАТЫРЖАН КӘДІРБАЙ, АЙТЫСКЕР АҚЫН (АТЫРАУ): Айтыстың 4 түрі бойынша сынға түсті ақындар. Мен енді сүре айтыс бойынша бақ сынадым. Осы жақта Ақмола облысының жергілікті арқалы ақыны Мұхаммед Қоңқаев ағамызбен кереметтей жыр бәсекесі болды. Өте жоғары деңгейде айтысып, халықтың ықыласы мен батасын алып, мәселелерді қозғап, Көкшетаудың тарихын тереңнен қозғап айтуға тырыстық. Ел, халықтың батасын алып абыроймен шыққанымызға қуаныштымыз. Жалпы айтыс өзіміз ойлағаннан да жоғары деңгейде өтті.

РКС: Сүре айтыста қос ақынның шабыты қос қырандай тең қағып, бір-бірінен оздыра алмаса, жыр додасына келгенде Қобыланды батырдың жырын Марабай жыраудың нұсқасында орындаған Нұрғиса Елешұлының жұлдызы жарқырап, қарсыласынан қара үзіп, дара шыңға көтерілді.

СНХ: НҰРҒИСА ЕЛЕШҰЛЫ, ЖЫРШЫ (КӨКШЕТАУ): Қарсыласым Бақытбек Сәрсенов ағамыз болды. Жалпы сайыс туралы айтатын болсақ ағамыздың қарқыны өте керемет. Енді ағамызға сын айтатын адам емеспіз әрине. Халықтың қолдауы ерекше. Көкшетау халқы өз ұлым деп, барынша қолдап отыр, тақымын қысып отыр.

РКС: Ақмоланың аңқылдақ көрермені ешкімді алаламай, қос құраманың да өнерпаздарын тең көріп, дарқан көңілмен құшағына алды. Әрбір өнер иесін ыстық ықыласына бөлеп, ақжарма қошеметін аямады.

СНХ: АЙША УӘЛИХАНОВА, КӨРЕРМЕН: Айтысты жақсы көреміз. Көптен бері көрмеп едік. Мәне келіп қалдық. Жақсы өтті.

СНХ: МАЙРА ӘБДІРАХМАНОВА, КӨРЕРМЕН: Ақындардың шабысы жақсы. Жиі келеміз. Көкшетауымыз өрлей берсін. Қазақстанымыз гүлдей берсін.

РКС: Республикалық «Бес асыл» өнер сайысының төріне құрметті қонақ болып Жүрсін Ерман жайғасып, әділ төрелігін айтты. Ал, осы жобаның көшін бастаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, айтыс өнерінің дүлдүлі Аманжол Әлтай.

СНХ: АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:/ Мега жоба 2 жылға созылған. Қазақтың бес асыл өнері, бір ананың бес баласындай қол ұстасып, қатар байрақты жарыстың сән-салтанатына айналуда. Бұл үлкен мега жобаға бізідің тәуелсіз мемлекетіміздің түкпір-түкпірінен 20 команда бақ сынасуда. 4 кезеңнен тұрады. 1 кезеңге 20 команда қатысса, одан жеңіске жеткен 10 команда 2-ші айналымға шығады. Одан жеңіске жеткен 4 команда 3-ші айналымға шығады. Ең соңында 4-ші айналымда 2 команда жеңімпаздыққа таласады. Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабатын байқап отырсыздар 2 команда өте жақсы дайындалып келген.

РКС: Қатар шапқан тұлпардай теңдескен қос команда жеңіс шыңына иық тіресе жетті десек, артық айтқандық болмас. Дегенмен, бас жүлде мен келесі екі кезеңге жолдама жерлестеріміз Арман Бердалин бастаған Ақмола құрамасына бұйырып, олар жеңіс тұғырына нық қадаммен көтерілді. Ақмола облысының әкімдігі мен «Аманат» партиясының облыстық филиалы алыс-жақыннан ат терлетіп жеткен қонақтардың иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Ал өнерпаздарға ақшалай сый-сияпат табыстап, еңбектерін лайықты бағалады.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ