ДИКТОР: Ұлттық волонтерлік желі өкілдері Көкшетауда волонтерлермен кездесті. Оның барысында аталған ұйымның атқарып жатқан жұмыстары мен алдағы жоспарлары талқыланды. Республикалық деңгейде әзірленіп жатқан волонтерлікті 2030 жылға дейін дамыту жөніндегі жаңа тұжырымдамаға ерекше назар аударылды. Томирис Идрисова баяндайды.

РКС: Қазақстанның жаңа Конституциясында алғаш рет мемлекет тарапынан волонтерлік қызметті қолдау мен ынталандыру нормасы бекітілді. Бүгінде Үкіметте волонтерлікті 2030 жылға дейін дамыту тұжырымдамасы одан әрі жетілдірілуде. Құжат сарапшылар мен волонтерлердің ұсыныстарын ескере отырып әзірленіп жатыр. Жаңашылдықтардың қатарында әр қатысушының үлесін есепке алуға және ұйымдардың жұмысын жүйелеуге мүмкіндік беретін волонтердің цифрлық паспортын енгізу қарастырылған.

СНХ: АЙБЕК ДОСЫМБЕТОВ, ВОЛОНТЕРЛЕРДІҢ ҰЛТТЫҚ ФРОНТ-КЕҢСЕСІНІҢ БАСШЫСЫ: Өзіміз қазір республика бойынша барлық облыстарды аралап жүрміз. Осы сегізінші облысқа келіп тұрмыз.+скл+Осы тұжырымдамаға ұсыныстар жинақтау. Яғни бұл тұжырымдаманы әр облыстың волонтерлік ұйымдары, белсенді волонтерлары өздері ұсыныстарын осы өңірге сәйкес келетін волонтерлік бағытты дамытуға байланысты ұсыныстар береді. Міндетті түрде сол ұсыныстарды республикалық жиылысуында қабылданаты деген жоспарда бар. Республикалық тұжырымдама қабылданғаннан кейін барлық өңірде осы волонтерлік бағыттың дамуына бір жаңа серпін беретін деген ойдамыз.

РКС: Мамандар волонтерлік пен қайырымдылықты ажырата білу маңызды екенін айтады. Алғашқысында іс жүзінде өтеусіз көмек көрсету мәселесі көтерілсе, екіншісінде қаржылай қолдау көрсету туралы сөз болады. Сарапшылардың айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстандағы волонтерлік қызмет сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілді. Дегенмен, әлі де назар аударуды қажет ететін мәселелер бар.

СНХ: ЕЛЕНА АМРЕЕВА, ВОЛОНТЕРЛЕРДІҢ ҰЛТТЫҚ ФРОНТ-КЕҢСЕСІНІҢ САРАПШЫСЫ: Әлеуметтік бағытта жүйелі түрде айналысатын волонтерлердің орташа жасы – 42 жастан жоғары. Сондықтан ересек, тәжірибелі, өз жұмысы мен кәсібі бар адамдардың еңбегі назардан тыс қалып жатқаны өкінішті. Біз олардың атқарып жүрген жұмыстарын жиі көрмейміз, жеткілікті түрде көрсетпейміз. Ал олар балалар үйлерінде әлеуметтендіру, өмірлік маңызды дағдыларды дамыту, кәсіби бағдар беру сияқты маңызды бағыттарда үлкен жұмыс атқарып келеді.

РКС: Бүгінде өңірде волонтерлерді оқыту жұмыстары жүргізілуде. Тренерлер семинарлар өткізіп, жаңа бастамашыл топтар құруда, сол арқылы жастар мен аға буынды әлеуметтік маңызы бар қызметке тартуда.

СНХ: МИЛАНА САЙЛАУБАЕВА, ВОЛОНТЕРЛІК ҚЫЗМЕТ БОЙЫНША ЖАТТЫҚТЫРУШЫ: Осы тренер қызметінде жүрген екі жыл бойында өткенде мен алты оқыту жүргізген болатынмын. Ол оқытуда мен не істедім? Мен волонтерлерді оқыттым. Яғни, олардың дағдыларын дамыту мақсатында.

РКС: Алдын алу бағытындағы жобаларға да ерекше көңіл бөлінуде. Мәселен, «Есірткісіз болашақ» қоғамдық қоры лудоманиямен және есірткі қылмысымен күреске бағытталған бастамаларды жүзеге асыруда. Бұл үшін волонтерлер цифрлық құралдарды пайдаланып, құқық қорғау органдарымен өзара әрекеттеседі.

СНХ: АИША АЛТЫНБЕК, ВОЛОНТЁР: Егер қандай да бір тұрғын немесе волонтер жазуды немесе QR-кодты байқаса, бізде «Digital карта» атты жүйе бар, ол онлайн форматта жұмыс істейді. Біз ол белгіленген орынды картаға түсіреміз, содан кейін біздің ұйым оны бұғаттап, оның не екенін анықтау жұмыстарын жүргізеді және әрі қарай полиция басқармасымен бірлесіп жұмыс істейді. Біз жыл басынан бері 5 мыңнан астам есірткі арналарының жолын бұғаттадық.

РКС: Сарапшылардың айтуынша, волонтерлік – бұл адамдардың ерікті түрде, ақысыз және қоғам игілігі үшін атқаратын қызметі.Бүгінде өңірде 89 волонтерлік орталық жұмыс істейді. 62 ұйым тұрақты негізде қызмет атқарады. Облыс көлемінде 3 мыңнан астам волонтер осындай маңызды іспен айналысады.

ТОМИРИС ИДРИСОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, САНЖАР НҰРСЕИІТОВ, АЛМАС СӘДУӘҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ