ДИКТОР: Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінде жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған кездесу өтті. Іс-шараға Ақмола облысы полиция департаментінің, Көкшетау қалалық полиция басқармасының, сондай-ақ Ақмола облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері қатысты. Студенттер өздерін толғандырған сұрақтарына жан-жақты жауап алды.

РКС: Кездесу барысында күнделікті өмірде жиі кездесетін өзекті мәселелер қозғалды. Атап айтқанда, интернет алаяқтықтың жаңа түрлері, дропперлік схемалардың қауіптілігі және одан сақтану жолдары кеңінен түсіндірілді. Есірткі заттарының таралу жолдары мен оның заң алдындағы жауапкершілігі туралы ақпарат берілді. Сондай-ақ заңсыз ойын бизнесіне қарсы жүргізіліп жатқан шаралар, интернет кеңістігіндегі онлайн-казинолар мен күмәнді платформаларды анықтау және бұғаттау жұмыстары туралы да сөз қозғалды.

СНХ: РӘЗИЯ ҚҰРСАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ: Меніңше, мұндай іс-шаралардың маңызы зор. Осындай түсіндіру жұмыстары арқылы біз жасөспірімдердің санасында дұрыс бағыт қалыптастырып, олардың есірткі ортасына тартылуының, сондай-ақ қылмысқа баруының алдын алуға ықпал ете аламыз. Сонымен қатар, олардың өздерінің де құқықбұзушылықтардың құрбанына айналмауына септігіміз тиеді. Жыл басынан бері облыс аумағында есірткіге қатысты 124 құқық бұзушылық тіркеліп, оның 68-і қылмыс ретінде сараланған. Қабылданған жедел шаралардың нәтижесінде 11 есірткі таратушы ұсталды, олардың қатарында бір кәмелетке толмаған жасөспірім бар. Заңсыз айналымнан жалпы салмағы 92 келі түрлі есірткі заты тәркіленді. Оның 78 келісі синтетикалық есірткі.

СНХ: САҒЫНДЫҚ ҚҰРМАНТАЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ КРИМИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ: Алаяқтардың бәрі мықты психологтар. Олар сізді түрлі тәсілмен сендіреді. «Сізге немесе туыстарыңызға қатысты қылмыстық іс қозғаймыз» деп, кодты айтуыңызды немесе белгілі бір соманы аударуыңызды талап етеді. Сондай-ақ олар сізден үйіңізде қанша ақша барын, есепшотыңызда қанша қаражат барын сұрайды. 18 жасқа толмағандардан да «үйде ата-анаңыздың ақшасы бар ма?» деп сұрап, балаларды да алдап соғады. Соның салдарынан кейбір балалар ата-анасының телефоны арқылы немесе банк қосымшалары арқылы ақшаны өздері жіберіп қояды. +скл+ Тағы бір жағдайларда адамдар пәтерлерін сатып, ақшасын алаяқтарға аударып жатады. Соңғы бір айдың өзінде 3-4 пәтер сатылған. Көбінесе алаяқтардың құрбаны жалғызбасты егде жастағы адамдар.

РКС: Шара барысында студенттер кинолог мамандардың жұмыс процесін жақыннан бақылай алды. Тәжірибелі маман төрт аяқты серігімен бірге із кесу, күдікті заттарды анықтау және жедел әрекет ету дағдыларын көрсетті.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Жасөспірімдер мұндай форматтағы кездесулердің құқықтық сауаттылықты арттыруда маңызы зор екенін атап өтті. Олардың айтуынша, құқық қорғау органдары өкілдерімен тікелей жүздесу заң талаптарын тереңірек түсінуге, сондай-ақ өмірлік жағдайларда дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Іс-шара интерактивті форматта өтіп, студенттер белсенді түрде сұрақ қойып, еркін пікір алмасты.

СНХ: МИРАС ЖОМАРТҰЛЫ, АҚАН СЕРІ АТЫНДАҒЫ ЖОҒАРЫ МӘДЕНИЕТ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ: Мен өз басым бұл бастаманы толықтай қолдаймын. Себебі қазіргі жастардың бойына заң мен тәртіпті кішкентай кезінен сіңіру қажет. Өйткені Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай: «Тәртіпсіз алынған білім – адамзаттың қас жауы». Сол үшін мен бұл іс-шараны өте қолдаймын. Бізге келіп, осындай маңызды тақырыптарды таныстырып жатқандарына ризамыз. Әртүрлі «закладчиктер» туралы, лудомания жайында да түсіндірілді. Маған өте қатты ұнады, өте керемет өтті. Біз жан-жақтан келіп оқып жүрген студенттерміз, сондықтан мұндай кездесулер бізге үлкен бағыт-бағдар береді. Лудоманияға қарсы нақты фактілер көрсетілді, бұл да өте әсерлі болды. Жалпы, бәріміз жақсы түсіндік деп ойлаймын. Іс-шара өте керемет өтті, бізге қатты ұнады.

РКС: Облыстық жастар ресурстық орталығы мұндай акцияларды қаладағы өзге білім беру ұйымдарында да тұрақты түрде ұйымдастырып келеді.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ