ДИКТОР: Қазақстанда волонтерлік қызметпен айналысатын 300 мыңға жуық адам бар. Олар әр түрлі бағыттағы 800-ден астам ұйымға біріккен. Биылғы жылдан бастап волонтерлер тұрақты салаға машықтанады. Соған орай өңірлік коммуникациялар қызметінде Ұлттық волонтерлік фронт-кеңсесінің басшысы Айбек Досымбетов журналистермен кездесіп, сауалдарына жауап берді.

РКС: Еліміздің жаңа Конституция жобасына волонтерлік қызмет те енгізіліп, заңдастырылғаны белгілі. Бұл өтеусіз негізде жүзеге асырылатын, әлеуметтік бағыттағы ерікті, ерік қалауымен орындалатын қоғамдық пайдалы қызмет болғандықтан, оған кез келген 18 жастан асқан адам қатыса алады. Тіпті ата-анасының рұқсатымен 14 жастағы балалар да волонтер болуға құқылы. Ақмола облысында 90-ға жуық ресми волонтерлік ұйым жұмыс істейді. Онда 3000-ға жуық адам тіркелген. Әлеуметтік көмек, экология, қайырымдылық, іздестіру жұмыстарына тартылатын еріктілер енді жергілікті мемлекеттік қызмет өкілдерімен тығыз байланыста әрекет ететін болады. Қазірдің өзінде полиция және төтенше жағдай мекемелерінде волонтерлік топтар құрылған.

СНХ АЙБЕК ДОСЫМБЕТОВ, ҰЛТТЫҚ ВОЛОНТЕРЛІК ФРОНТ-КЕҢСЕСІНІҢ БАСШЫСЫ: 2025 жылы салалық волонтерлікті дамыту мақсатында арнайы нұсқаулық пайда болған.осы нұсқаулықтың нәтижесінде 12 бағыт бойынша 8-і өткен жылы,4-і биылдан бастап қабылданды. Бұл жердегі негізгі мақсат, барлық саланы қамту. Енді басқарма, ведомстволар сол саладағы мәселелерін волонтерлармен бірлесе шешуге мүмкіндік бар. Осы нұсқаулықта көрсетілген үздік жобалар, үздік кейстер ,жұмысты қалай үйлестіруге болады деген бағытта жазылды және Біріккен Ұлттар Ұйымының волонтерлік бағдарламасына енгізіліп, олар жақсы бағалап, өздерінің сайтына орналастырды.

РКС: Бұған дейін волнтерлердің санына көп назар аударылып, сапа назардан тыс қалған еді. Яғни, бір реттік қана қайырымдылық шарасы немесе көмек емес, енді тұрақты даму жолына бағытталған жұмыстарға қатысты жауапкершілік артып, талап та күшейеді. Атқарылған істерге байланысты есеп те алынады.

СНХ ЕЛЕНА АМРЕЕВА, ҰЛТТЫҚ ВОЛОНТЕРЛІК ФРОНТ-КЕҢСЕНІҢ САРАПШЫ-ТАЛДАУШЫСЫ: Салалық волонтерлік Қазақстан үшін жаңа бағыт, ол енді-енді ғана енгізіліп жатыр.Бұл нағыз мемлекеттік тренд,мемлекет оған қолдау білдіріп отыр. Салалық волонтерлік ведомство, мекемелердің осы салаға машықтанған волонтерлік ұйымдармен тікелей жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда Қазақстанда осындай тұрақталған кейстер бар. Атап айтқанда Төтенше жағдайлар министрлігінде өзінің волонтерлері бар, олар ішкі мәселелерін солармен бірлесіп шеше береді. дәл осындай кейстер әр қалада ішкі істер бөлімдерінде де жұмыс істеп тұр.

 РКС: Жаңа Конституция жобасына сәйкес, енді волонтерлік қызметте жүргендердің қайырымдылық шараларына жіберген уақытын еңбек өтіліне енгізіп, олардың өмірін сақтандыру бағытында да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ұлттық фронт-кеңсе өкілдері жергілікті мемлекеттік мекеме басшыларымен және волонтерлік ұйым жетекшілерімен кездесіп, жаңа нұсқаулыққа қатысты ой-пікірлерін тыңдап, алдағы жобаларына енгізуді көздеп отыр.

ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ