ДИКТОР: Құқық бұзушылықтың алдын алу – басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта елімізде «нөлдік төзімділік» қағидаты кеңінен насихатталуда. Көкшетау қаласында тәртіп сақшылары қоғамдық тәртіпті күшейтіп, ұсақ құқық бұзушылықтарға да бейжай қарамау керектігін ескертуде.

РКС: №8 учаскелік полиция пунктінің қызмет көрсету аумағына Центральный, Көктем, Васильковский және Сарыарқа шағын аудандары кіреді. Мұнда 28 мыңнан астам адам тұрады. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында учаскелік полиция инспекторлары тәулік бойы қызмет атқарады. Олар тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

ИНТЕРШУМ:

СНХ: МАҚСАТ УӘЛИЕВ, №8 УЧАСКЕЛІК ПОЛИЦИЯ ПУНКТІНІҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ: Адамдар қоғамдық тәртіпті бұзу, былапыт сөз айту, қоғамдық орындарда алкогольді ішімдіктер ішу, сондай-ақ қоқысты белгіленбеген жерге тастау сияқты әрекеттерді елеусіз, ұсақ құқық бұзушылықтар деп санайды. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 437-бабына сәйкес жұмыс күндері сағат 22:00-ден 09:00-ге дейін, ал демалыс және мереке күндері сағат 23:00-ден 10:00-ге дейін басқа азаматтардың тыныштығы мен демалысын бұзуға тыйым салынады. Осы талаптарды бұзғаны үшін 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл қарастырылған.

РКС: «Нөлдік төзімділік» қағидаты кез келген құқық бұзушылыққа дер кезінде тосқауыл қоюды көздейді. Яғни, ұсақ заңсыздықтың өзі үлкен құқық бұзушылыққа апаруы мүмкін. Қазір полиция қызметкерлері тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, заң талаптарын сақтау маңыздылығын жеткізуде. Тұрғындар да өз кезегінде аумақтарындағы тәртіпті сақтауға үлес қосып отыр.

СНХ: ӨТЕГЕН СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Ана жолы машинада отырмын, қыздырып отырмын, жас бала келіп екі пакетті тастап кетіпті. Балам, тоқта, бактің ішіне сал, сосын жүре бер дедім. Сондай тәртіпті сақтаймыз өзіміз. Кәрі кісілерміз ғой. А так в основном ешқандай бұзушылық жоқ.

СНХ: ИЛЬЯ ШТЕПЕНКО, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Құқық бұзушылықтар байқалмайды. Егер бір нәрсені байқап қалса адамдар тәртіп сақшыларына хабарлайды. Учаскелік полиция қызметкерлері дереу әрекет етеді. Шақырту түссе, олар шамамен бес минуттың ішінде жетіп келеді. Қажет болса, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, ал құқық бұзушылық орын алса, тиісті шаралар қолданады, хаттама толтырады. Жалпы, ауданымызда бұзушылықтар жоқ деп айтуға болады.

РКС: Мамандардың айтуынша, «нөлдік төзімділік» қағидатын сақтау – қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді жолы. Заңға құрмет – тұрақты қоғамның негізі.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ