ДИКТОР: Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Қосшы қаласында тұрғындарды жеке қабылдап, олармен ашық форматта пікір алмасты. Кездесу барысында халықты алаңдатқан мәселелердің түйіні шешілді. Атап айтқанда, тұрғын үй құрылысының қарқыны, инженерлік және жол инфрақұрылымын жетілдіру, сондай-ақ қаладағы өмір сүру жағдайын жақсарту мәселелері көтерілді. Негізгі түйткілдің бірі – «Diamond Park» тұрғын үй кешенінің құрылысы. Бұған дейін жобаны іске асыру барысында бірқатар кідірістерге жол берілген. Жағдайды реттеу мақсатында мемлекеттік қолдау шаралары қолға алынып, жобаны жүзеге асырушыларға қосымша жер телімі берілді. Жиын барысында жол инфрақұрылымын жетілдіруге қатысты бірқатар мәселелер қаралды. Нәтижесінде ұзындығы 7 шақырымға жуық Республика көшесіне орташа жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Жол жабынын жаңарту мәселелерімен қатар көшелерді жарықпен қамту жүйесін жаңғырту, сондай-ақ су бұру желілерін орнату жұмыстары да қарастырылған. Аталған жұмыстар мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынғаннан кейін кезең-кезеңімен іске асырылады. Қабылдау қорытындысы бойынша көтерілген ұсыныстар ескеріліп, тұрақты бақылауға алынды. Оларды уақытылы әрі сапалы жүзеге асыру үшін жауапты мемлекеттік органдарға тапсырмалар жүктелді.