ДИКТОР: Биыл облыста «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауқымды көгалдандыру науқаны қарқын алды. Жоба шеңберінде 20 миллион түп ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Нәтижесінде 4 мың гектардан астам аумақ жасыл белдеуге айналып, өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға серпін бермек. Қазірдің өзінде аймақта абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары қызу.

РКС: «Бұқпа» орман шаруашылығы аумағында ағаш отырғызу науқаны сәуір айының алғашқы күндерінде басталған. Қазір мұнда жұмыс қайнап жатыр. Мамандар негізінен қарағай мен қайың көшеттерін отырғызуға басымдық беруде. Жоспарға сәйкес, 180 гектар аумақ жасыл желекпен көмкеріліп, орман алқабы айтарлықтай ұлғая түспек.

СНХ: ҒАЛЫМБЕК БАТТАЛОВ, «БҰҚПА» ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Міне, осы күнге дейін 94 гектар отырғыздық. Қалған 86 гектар қалды енді. 50 пайызын жасадық. Күтіп баптау жұмыстары жүргізіледі. Қазір посадканы аяқтағаннан кейін минерализованные полосы дейді, жыртамыз. Сосын арасында прополка жасаймыз. Арамшөптерін жұламыз.

РКС: Игі бастамадан студент жастар да шет қалмаған. Олардың дені - болашақ орман шаруашылығы мамандары мен экологтар. Белсенді жастар мұндай экологиялық акцияларға тұрақты түрде қатысып, өз үлестерін қосуды азаматтық парыз санайтындарын айтады.

СНХ: ЖАНСАЯ ДӘУРЕНБЕК, СТУДЕНТ: Құрбыларыммен, достарыммен осы жалпы акцияға қатысудамыз. Қазіргі таңда ағаш егу ол пайдалы деп санаймын. Тиімді бәріне. Сонымен қатар, біз қаланы қоқыстан тазарту акцияларына да қатысамыз.

РКС: Құзырлы мекеме мамандары отырғызылған көшеттердің жай-күйін тұрақты бақылауда ұстап отыр. Себебі тиісті күтім болмаса, жас өскіндердің қурап қалу қаупі жоғары. Облыс бойынша егілген ағаштардың шамамен 70-80 проценті ғана тамыр жайып, толық өсіп жетіледі. Ал қураған көшеттердің орны дер кезінде жаңартылып, орманшылар оларды жаңадан отырғызылған жас ағаштармен алмастырып отырады.

СНХ: АРМАН ТҰРЫМБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Қазір біз көшеттерге сұраныс артқасын тұқымбақтарды көбейтіп жатырмыз. Облыс бойынша 21 тұқымбақ жұмыс істейді. Оның тоғызы жыл бойы көшет өсіреді. Аймақтағы тұқымбақтардың жалпы аумағы 461 гектарды құрайды. Қазір осы мекемелер өңірді қажетті көшетпен толық қамтамасыз етіп отыр.

РКС: Ашық алқаптағы жас көшеттерді дала өртінен қорғау – басты міндеттің бірі. Осы мақсатта орман шаруашылықтарына бейнебақылау жүйелері орнатылып, арнайы техникамен жабдықталған. Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2027 жылға дейін еліміз бойынша 2 миллиард түп ағаш отырғызуды тапсырған. Оның 214 миллионы Ақмола облысының еншісінде. Осыған сәйкес соңғы бес жылда өңірде 113 миллион көшет егілді.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ