ДИКТОР: Қазақстан толық цифрландыру бағытын ұстанып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында технологияларды енгізу сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтып, ашықтықты қамтамасыз ететінін атап өтті. Бүгінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру мемлекеттік саясаттың негізгі бағытының біріне айналуда. Сарапшылар заңмен реттеу жеткіліксіз, бұл ретте ең алдымен қоғамның ой-санасын ерте жастан өзгерту маңызды екенін айтады. Сыбайлас жемқорлықпен күресте жастардың ролі қандай? Мөлдір Елемесова жеткізсін.
РКС: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру мәселесі өзекті. Өйткені, қоғамның адалдығы – елдің болашағын айқындайтын басты факторлардың бірі. Дәл осы буын сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік қағидатына негізделген қоғамды қалыптастыруда шешуші роль атқарады.
СНХ: ИГОРЬ ПЛЮСНИН, СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ «ЖАҢАРУ» ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Қазіргі жаңа буын – қоғамда жаңа құндылықтарды қалыптастырудағы бірегей мүмкіндік. Алайда оның екінші қыры бар екенін де ескеру қажет. Біз елдің дамуына оң әсер ететін факторлар туралы жиі айтамыз. Сондай-ақ, жастар білім мен тәжірибе жинақтай отырып, интернет, теледидар және басқа да ашық ақпарат көздері арқылы түрлі, кейде теріс ықпал ететін мәліметтерді де қабылдайды. Олардың санасын дұрыс бағытта қалыптастыру үшін ең алдымен жеке үлгі көрсету маңызды. Отбасылық, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, заңға құрмет сезімін қалыптастыру – басты міндеттердің бірі. Осындай жүйелі жұмыс нәтижесінде сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын ұстанатын ұрпақ өсіп шығып, еліміздің әлемдік деңгейдегі беделін арттыруға және жемқорлықты қабылдау көрсеткіштері бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
РКС: Түсініктері әртүрлі болғанымен, көпшіліктің пікірі бір арнада тоғысады. Сыбайлас жемқорлық қоғамдағы сенімді бұзады. Сондықтан Қазақстанда оның салдарымен күресуге ғана емес, алдын алуға да ерекше басымдық беріліп отыр. Әсіресе жастардың біліміне, оларды әлеуметтік жобаларға және ағартушылық жұмыстарға тарту арқылы назарын аударуға екпін түсірілген.
СНХ: ИГОРЬ ПЛЮСНИН, СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ «ЖАҢАРУ» ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Сыбайлас жемқорлық – бұл асоциалды құбылыс, ол тек біздің республикада ғана емес, жалпы әлемдік деңгейде қалыптасқан. Біздің заңнама тәуелсіз Қазақстан мемлекеті құрылған кезден бастап сыбайлас жемқорлықпен күресіп келеді. Біз әлемдік тәжірибені зерттей отырып, сыбайлас жемқорлықпен тек заңдық тәсілдер арқылы ғана күресу мүмкін емес екенін түсіндік. Осылайша, 2015 жылдан бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Заң қабылданып, оның негізіне тікелей алдын алу шаралары енгізілді. Бұл шаралар сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымды қалыптастыруды да қамтиды. Сонымен қатар, бұл бағытта мектеп оқушыларынан бастап ересек тұрғындарға дейінгі барлық топтарды қамту көзделген.
РКС: Әлемдік тәжірибе жемқорлық деңгейі төмен елдер заңға құрметпен қарауды балалық шақтан қалыптастыруды бастайтынын көрсетіп отыр. Бүгінде қоғамның алдында тұрған міндет — мәселе туралы айту ғана емес, сонымен қатар адалдықты норма ретінде қабылдайтын ұрпақ тәрбиелеу.
МӨЛДІР ЕЛЕМЕСОВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ