ДИКТОР: «Amanat» партиясының облыстық филиалы «Turgyndar amanaty» жобасы аясында азаматтарды қабылдады. Онда көпқабатты тұрғын үйлерде тұратын халықтың тұрмысына әсер ететін бірқатар өзекті мәселе көтерілді. Тұрғындар тарапынан коммуналдық қызмет сапасы, тұрғын үйдің техникалық жағдайы, ауланы абаттандыру және басқару жүйесіне қатысты бірқатар сұрақтар қойылды. Әрбір өтініш назарға алынып, жауапты сала мамандары нақты түсініктемелер берді.
РКС:«Turgyndar amanaty» жобасы тұрғын үй коммуналдық саладағы мәселелерді дер кезінде анықтап, тиімді шешу жолдарын қарастыруға бағытталған. Бұл бастама тұрғындар мен жауапты мекемелер арасында ашық диалог орнатуға мүмкіндік береді. Бұл жолы қабылдауға қала тұрғындары шағымдарын айта келді.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: ВАЛЕНТИНА ВЕРЯСОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Көшеміздегі жарық шамдары көмескі тартып, екі шам мүлде жанбай тұр. Қараңғы түскенде балаларымыз сыртта ойнап, мектептен қайтқан бүлдіршіндер түнек көшені бойлай үйге оралады. Оған қоса, жақын маңдағы үйлер сүрілген, иесіз иттер көбейді. Олар қоқыс жәшіктерінің маңына жиналып, біреулердің тастаған азығына үйір. Балалардың қауіпсіздігі үшін бұл үлкен қауіп төндіріп отыр. Сондықтан көшедегі жарық мәселесі өзекті. Ал екінші мәселе қоқыс контейнерлеріне қатысты. Жұмабек Тәшенов көшесіндегі 54, 56, 56А және Әуелбеков көшесіндегі 151-ші үйге тиесілі контейнерлердің барлығы басқа жерге ауыстырылып, енді бүкіл қоқыс біздің маңға үйіліп жатыр.
РКС: Сарыарқа шағын ауданы жыл сайын көпқабатты зәулім үйлермен көркейіп келеді. Десе де, абаттандыру жұмыстарына келсек, түйткілді мәселе көп,-дейді шағын ауданның тұрғындары.
СНХ:ГҮЛНӘР ТҰРСАНОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Біздің бұл жерде тұрып жатқанымызға 3 жылға жуықтаса да, әлі күнге дейін жөнді жолдың игілігін көре алмай келеміз. Қазіргі бар жол тек уақытша ғана, оны құрылыс салушы өз мүмкіндігінше ескі асфальтпен әрең жасап берген. Көшемізде жарықтың да ізі жоқ. Айналамыздағы бос жатқан аумақтар біртіндеп қараусыз қалып, бей-берекет қоқыс алаңына айналып барады. Сырт көзге көрінбесін деп қоршалғанымен, мәселенің түп-тамыры сол күйі шешімін таппай отыр. Әсіресе, көктем мен күздің құбылмалы мезгілінде жағдай тіпті күрделене түседі. Жаңбыр жауса да, қар ерісе де, айнала ми батпаққа айналып, тұрғындарды әбден әуреге салады. Балалар мектепке жету үшін қиналып, ал аялдамаға барудың өзі қияметке айналып отыр.
РКС: Аталған мәселелерге қатысты барлық өтініштер мен шағымдар мұқият қаралды. Олардың әрқайсысы халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған нақты шешімдер қабылдауға негіз болады. Сонымен қатар, тұрғын үй шаруашылығы саласында көпқабатты үйлерді заман талабына сай өзін-өзі басқару ісіне құқықтық және практикалық тұрғыдан ақпараттандыруға қатысты шараларда қарқынды жүргізілуде. Қазіргі уақытта 100-ден астам азамат оқыту курстарында білімдерін шыңдауда.
СНХ: АЙГҮЛ ӘРІНОВА, ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДАҒЫ САРАПШЫ: Қазір Ақмола облысының аумағында көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарушы мамандарға арналған біліктілік емтиханына жан-жақты дайындық жұмыстары жүргізілуде. «Кәсіби біліктіліктер туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, көппәтерлі тұрғын үйді басқару жай ғана жауапкершілік не лауазым емес, кәсіби білім мен дағдыны және арнайы сертификатпен расталатын дербес мамандық болып табылады. Бүгінде 40-тан астам маман оқу курстарынан өтіп, қажетті білім мен тәжірибені меңгерді.
РКС: Тұрғын үй нысандарын тіркеуге қажетті қаражаттың жеткіліксіздігі, абаттандыру мәселелері, көпқабатты үйлерге тартылған инженерлік желілерді қабылдап алу актілеріндегі олқылықтар әлі де өзекті. Бұл бағыттағы бірқатар мәселе қосымша шешімдерді талап етеді. Көкшетау қаласы әкімдігінде өтетін алдағы жиында қай аулаларға жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүргізілетіні, сондай-ақ, қандай аумақтарда абаттандыру және ретке келтіру шаралары қажет екені нақты айқындалады.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ