ДИКТОР: Көкшетау қаласында талшықты-оптикалық GPON желісін жаңғырту және дамыту жөніндегі меморандумға қол қойылды. Аталған жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары аясында жүзеге асырылуда.
ИНТЕРШУМ:
РКС: GPON желісін тарту - қаланың цифрлық дамуына серпін беретін стратегиялық жоба. Бұл бастама Көкшетауда Smart City жүйелерін және жасанды интеллектке негізделген шешімдерді енгізуге мүмкіндік ашады. Жоба аясындағы міндеттер нақты жауапты ұйымдарға бөлінген. Әкімдік инфрақұрылымды ұсынып, үйлестіруді қамтамасыз етеді, цифрландыру басқармасы даму бағытын айқындап, талдау жүргізеді. «Көкшетау Энерго» техникалық қолдау көрсетсе, негізгі жұмыстар байланыс операторларының мойнында. Олар жаңа желілерді тартып, ескі жүйелерді жаңартады.
СНХ: ӘНУАР КҮМПЕКЕЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ: Жасанды интеллект ауқымды деректермен жұмыс істеуді талап ететін күрделі сала. Бұл деректер барлық мүдделі тараптарға қолжетімді болуы тиіс. Ал мұндай ақпаратты тиімді түрде жеткізу үшін заманауи, жоғары жылдамдықтағы инфрақұрылым қажет. Елімізге трафик әкеліп, оны екінші деңгейлі операторларға тарататын бірінші деңгейлі байланыс операторлары да осында. Бұл – бәсекеге негізделген нарық. Соған қарамастан, біз барлық қатысушылар үшін тең мүмкіндік пен әділ қолжетімділікті қамтамасыз етуді көздейміз.
РКС: Телеком инфрақұрылымды жүйелі дамыту үшін шаһарды, А, В, С деп үш негізгі аймаққа бөлген. Мұндағы А аймағы - интернет мүлде жоқ немесе өте әлсіз аумақтар. Мұнда желі нөлден бастап салынады. Талдау нәтижесінде осындай 7 учаске анықталып, олар 1 және 2 деңгейлі операторларға бөлінді. В аймағы - интернеті жартылай қамтылған аумақтар. Бұл жерлерде мыс желілерді оптикаға кезең-кезеңімен ауыстыру көзделген. С аймағы - инфрақұрылымы қалыптасқан аудандар. Мұнда қызмет сапасын арттыру мен операторлар арасындағы бәсекені күшейту көзделген.
СНХ: НҰРГҮЛ ШӘКЕНОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ КЕҢЕСШІСІ: Бұл меморандум қаладағы сымды интернет инфрақұрылымын дамыту бойынша барлық тараптың ниетін бекітеді. Құжат байланыс желілерін салу және жаңғырту, инфрақұрылымға қолжетімділікті қамтамасыз ету, талшықты-оптикалық желілерді дамыту және ең алдымен «ақ дақ» деп аталатын проблемалы аумақтарға басымдық беру бағытындағы бірлескен іс-қимылдарды үйлестіруді көздейді. Сондай-ақ, ол мыс желілерден толықтай оптикалық байланыс жүйелеріне кезең-кезеңімен көшу үдерісін қарастырады.
РКС: Сараптама барысында анықталған «ақ дақтар» осылайша нақты жоспарға енгізіліп, кезең-кезеңімен жойылмақ. Бұл бастаманың мақсаты ауқымды болғанымен, нақты іске асатын міндет. Жоба аясында Көкшетау қаласының тұрғындары мен бизнес өкілдерін заманауи байланыс қызметтерімен толық қамту көзделіп отыр. Ол үшін талшықты-оптикалық байланыс желілерін енгізу арқылы толық қамтуға қол жеткізу жоспарлануда.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ