ДИКТОР: Облыстық әкімшілікте аймақ басшысы Марат Ахметжановтың төрағалығымен жылдың алғашқы тоқсанында атқарылған жұмыстардың қорытындысы талқыланды. Жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары мен оның салдары сөз болды. Атқарылған жұмыстарға ерекше назар аударылып, жауапты орган басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.

РКС: Жыл басынан бері корпоративтік табыс салығы бойынша оң динамика байқалады. Әсіресе шағын және орта бизнес субъектілерінен түсетін түсім жоспардан 5,4 миллиард теңгеге артқан. Мамандар бұл аудандардағы жүйелі жұмыстың жемісі деп отыр. Салық төлеушілерді тіркеу, жаңа кәсіпорындарды іске қосу және жер қойнауын пайдаланушыларды есепке алу жергілікті атқарушы органдардың тиімді қадамдарының нәтижесі. Өткен жылғы мол өнім ауыл шаруашылығы саласының табысын арттырып, бюджет кірісінің ұлғаюына да оң әсер етті. Бұл өз кезегінде сала қызметкерлерінің еңбекақысының өсуіне ықпал етіп отыр.

СНХ: АЛМАГҮЛ ШҰҒЫРМАҚОВА, ОБЛЫСТЫҚ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ БЮДЖЕТТІК ЖОСПАРЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Жалақы өсімінің қарқыны бойынша республикада екінші орынға шықтық. Бұл ретте ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің нақты еңбекақы көлемін статистика органдарында ашық әрі дұрыс көрсету бағытында атқарған ауқымды жұмысы ерекше атап өтуге тұрарлық. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы саласындағы орташа жалақы 367 мың теңгеге жетіп, бұл көрсеткіш облыстар арасында екінші орынға тұрақтады.

РКС: Сондай-ақ, өңірде су тасқынының алдын алуды күшейту бағытында ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Облыс әкімінің қолдауымен өзен арналарын тазалау мен тереңдету, дамбалар мен бөгеттер салу жұмыстары жүйелі түрде қолға алынды.

СНХ: МҰРАТ БАЛПАН, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Солардың бірі Аршалы ауданындағы Жібек жолы ауылында бой көтерген қорғаныс дамбасы. Биыл Астана су қоймасынан секундына шамамен 500 текше метр көлемінде су жіберілген күрделі кезеңде инженерлік шешімдердің тиімділігі толық дәлелденді. Нәтижесінде бұл жоба елді мекендегі 15 мыңға жуық тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, су тасқыны қатерінің алдын алуға нақты мүмкіндік берді.

РКС: Сондай-ақ биыл Атбасар–Сочинское автожолының құрылысы уақытында аяқталып, төрт ауылдың 2 мыңнан астам тұрғыны үшін тұрақты көлік қатынасы қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, Жақсы ауданындағы көлік қатынасы мәселесі уақытша шешімін тапты. Жедел қабылданған шешімдердің нәтижесінде Қима-Терісаққан ескі көпірі де қалпына келтірілді. Бұдан бөлек, Жабай өзенін тазалау және тереңдету жұмыстары жүргізіліп, Атбасар мен Сандықтау аудандарында жыл сайын қайталанатын су басу қаупі айтарлықтай сейілді. Ал биыл Атбасарда Жабай өзенінің арнасын реттеу жобасы толық жобалық деңгейге жеткізілмек.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ