ДИКТОР: Ақмола облысында «Заң және тәртіп» жобасы аясындағы шаралар жалғасуда. Азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжінде құқық қорғау органдарының өкілдері студенттермен кездесті. Тілшіміз Евгений Варанкин жалғастырады

РКС: Жиын барысында студенттер ювеналды полиция, есірткі қылмысына және кибер қылмыстарға қарсы іс-қимыл бөлімдері мамандарымен ашық әңгімелесті. Әр сала маманы өз тақырыбы бойынша баяндама жасады. Кейін кездесу еркін диалог форматында өрбіді.

СНХ: МАҚПАЛ ЖАНАРЫСОВА, NEET САНАТЫНДАҒЫ ЖАСТАРМЕН ЖҰМЫС ЖӘНЕ КЕҢЕС БЕРУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Бұл дәрістің негізгі мақсаты – жастарға қылмыстың салдарын түсіндіріп, олардан бойларын аулақ ұстаудың маңызын жеткізу. Сонымен қатар құқық бұзушылықтар бойынша олардың хабардарлығын арттыру.

СНХ: ТИМУР БӘЖІРОВ, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ: Интернет алаяқтық тақырыбында дәріс өткіздік. Қазір Көкшетауда 200-ден астам интернет алаяқтық фактісі тіркелген. Студенттерге алаяқтардың құрбаны болмаудың жолдарын түсіндірдік.

РКС: Кездесу барысында студенттерге Қылмыстық кодекстің 232-1-бабы түсіндірілді. Яғни өз шотына ақша қабылдап, кейін үшінші тұлғаларға өткізетін «дропперлерге» қатысты. 16 қыркүйектен бастап мұндай әрекет қылмыс саналып, қатысушылар қатаң жазаға тартылады.

СНХ: НЕЛЛЯ ЗВОНОВСКАЯ, АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС ЖОҒАРЫ КӨПСАЛАЛЫ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ: Осындай дәрістердің арқасында біз алаяқтардың айласына түспейміз деп ойлаймын. Болашақта туыстарымыз бен жақындарымызды да сақтандырамыз. Бұл дәріс біз үшін өте пайдалы болды.

РКС: Мұндай шаралар студенттердің құқықтық сауаттылығын арттырып, жеке қауіпсіздік мәселесінде дұрыс бағдар алуға көмектеседі, - деп атап өтті ұйымдастырушылар.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ