ДИКТОР: Қорғалжын – табиғатымен ғана емес, тарихымен де бай мекен. Бұл жерде талай дәуірдің ізі сайрап жатыр. Бұл өлке ең алдымен қоқиқаздарымен танымал. Осы өңірдің тарихи-мәдени мұралары: зерттеу және сақтау мәселелеріне арналған семинарда қазынаны зерттеу жайы, оны сақтаудың өзекті мәселелері сөз етілді. Тілшіміз Динара Нұрмұханова баяндайды.

РКС: Шара барысында сан түрлі саланың саңлақ өкілдері бір арнада тоғысып, ортақ мақсат жолында бас қосты. Алдымен Қорғалжын мемлекеттік қорығы мұражайында осы аймақты әлемге танытқан қызыл қанатты қоқиқаздар мекеніне саяхат ұйымдастырылды. Сырлы суреттер мен тың деректер арқылы қоқиқаздар әлемінің әсемдігі мен айырықша болмысы көпшілікке кеңінен таныстырылды.

СНХ: МАРАТ ӘБСЕМЕТОВ, С.СЕЙФУЛЛИН МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: 36-ыншы жылы мынау атақты қобызшы Дәулет Мықтыбаев деген кісі болған. Алтын қорына 30 күй тапсырған, қыл қобызбен тартатын. Сол бір аңыз айтып береді. Мынау Қорғалжында дейді көктемде қоқиқаздар келеді дейді екен, Сыр бойынан. Сол бір аңызда қоқиқаздар Қорқыттың қара қобызына келеді екен. Қара қобыз келіп ойнайды өз өзімен. Ойнағанда бүкіл жануар, аққулар тынышталады екен, тек қана қоқиқаздар билейді екен, қызық аңыз. Қорғалжын қорығы ЮНЕСКО-ға кірген, әлемдік.

РКС: Конференция барысында Мемлекет басшысының Жолдауындағы туризмді өркендету мен көне мұраларды жаңғырту бастамаларына қатысты өз пікірлерін айтты. Басқосуға жиылған ғалымдар ерте дәуірде бой көтерген қалалардың тарихына, көне сауда жолдарына және бұл бағытты жан-жақты зерттеген еңбектерге тоқталды.

СНХ: МАРАТ ӘБСЕМЕТОВ, С.СЕЙФУЛЛИН МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Мынау кешегі президентіміздің халыққа жолдауында нақты айтылды. Қазақстанда туризмді дамыту жөнінде. Енді қарап отырсаңыз мына Қорғалжын жері өте керемет. Мынау табиғаты қандай болса, тарихы да сондай. Мәселен кешегі Шоқан Уәлиханов, кешегі шетел, Ресейдің ғалымдары зерттеген мынау Бітіғай, үлкен осы жерде қала болған. Бурабай енді жақсы зерттелініп жатыр, Алматы облысында да керемет дүниелер бар, шығып жатқан. Ал енді мынау ар жағында мынау Қорғалжынға тиіп тұрған Қараағаш деген жер бар Жаңаарқа ауданында, ол жерде де біраз алтын адамдар табылған. Осы жерде халықтың жалпы табиғатына да, тарихына да көп музейлер керек, орталықтар керек, тек қана Қазақстандық емес, әлемнен келетін туристер келеді осы жерге.

РКС: Жиын барысында Қорғалжын өңірі карта бетінде кескінделіп, болашақта бой көтеретін жаңа музей үлгісі мен заманауи визит орталығының жобасы таныстырылды. Ертеде осы өңірді мекен еткен ата-бабалардың ұрпақтары конференцияға арнайы шақырылып, тарихи сабақтастықтың үзілмегенін көрсетті.

СНХ: ӘБУТӘЛІП ӘБДІҚАЛЫҚОВ, КӨШІМ ХАННЫҢ ҰРПАҒЫ: Менің әкем өзі 1895 жылы туған. Мен 6-7 жасымда мынау Есіл деген көлдің бойында бір жеті тұрып, сол жерде жаңағы Көшім атамыз сол жерді қоршаған. Сонда мен жүгіріп жүрген баламын, соған қатысқанмын. Елдің өткенінсіз бүгінгі болашақ болмайды деген қағида бойынша жиналып отырмыз. Осы еліміздің жастары кейінгі өткенін білсе, алдына мақсат қойып, болашаққа қадам қоюы дұрыс ел болуымыздың шынайы бірлігі деп ойлаймын.

РКС: Конференция барысында Қорғалжын өңірінде алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар жайы да сөз етілді. Өңірді өркендету, тарихи кесене тұрғызу сияқты бастамаларды жүзеге асыру, ортақ мүдде жолында жұмыла әрекет ету қажеттігі айтылды. Өңірдің туристік әлеуеті артып, жаңа нысандар да бой көтермек. Өткеннің тағылымын ескеріп, оны бүгінгі күннің дамуында тиімді пайдалану басты міндет. Өткенді ұмытпай, ұлықтау - болашаққа бастар алтын көпір.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ