ДИКТОР: Спорттық инфрақұрылымды дамыту, халық арасында дене шынықтыру мен спортты насихаттау, сондай-ақ жоғары спорттық нәтижелерге қол жеткізу. Облыс бойынша 330 мың адам бұқаралық спортпен айналысады. Бұл облыс тұрғындарының жартысы. Ақмола өңірінде спорт саласының даму қарқыны қандай деңгейде? Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингке қатысып келген тілшіміз осы сұраққа жауап іздеп көрді.
РКС: Облыста 1 200-ге тарта спорт нысаны бар, оның 600-ден астамы ауылды жерлерде жұмыс істеп тұр. Өңірде Красный Яр, Бестөбе, Қорғалжын, Родина, Жақсы және Бозайғыр ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. Бұдан бөлек Щучинск қаласында спорт сарайы, ал Көкшетауда көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ, Степногорск қаласында инвесторлардың есебінен 12 миллиард теңгеге дене шынықтыру және спорт сарайының құрылысы басталды.
СНХ: АРДАҚ ТӨЛЕНДИН, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Алғашқы жартыжылдықта Зеренді ауылында спорт мектебінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Аталған нысан қайтарылған активтер есебінен салынғанын атап өткен жөн. Бес жарым айдың ішінде мектеп толықтай бой көтеріп, бүгінде жұмыс толық көлемде жүргізілуде. Сонымен қатар, Бестөбе ауылында да дене шынықтыру-сауықтыру кешені халық игілігіне берілді. Қазір осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Алдағы уақытта бұл жерде балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін ашу жоспарда бар.
РКС: Облыста DAMUBALA платформасы арқылы мемлекеттік-спорттық тапсырыс іске асырылуда. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 2 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді. Қазір платформада 229 тапсырыс беруші тіркелген. Қазір 100-ден астам ұйым халыққа спорттық қызмет көрсетіп отыр. Бұл жүйе балалар мен жасөспірімдердің бұқаралық спортқа қолжетімділігін арттыруға және олардың осы саладағы әлеуетін дамытуға бағытталған.
СНХ: АРДАҚ ТӨЛЕНДИН, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: 9 мыңға жуық баланы қамтып отыр осы тапсырыс арқылы. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіштің ұлғаюы әбден мүмкін. Айта кету керек, проценттік арақатынастың әртүрлі болуы спорттың түріне бөлінетін қаржы көлеміне байланысты. Мәселен, бір балаға шаққанда спорттың жекпе-жек түріне 14 мың теңге бөлінсе, жүзу секцияларына 18 мың теңге қарастырылған. Бұдан бөлек, жан басына шаққандағы қаржыландыру аясында министрліктер жаңа бағдарламаны іске қосты. Келер жылдың басынан ваучерлік қаржыландыру жүйесін енгізу жоспарлануда. Оның аясында мәдениет, білім беру және спорт саласындағы мемлекеттік тапсырыстар бірыңғай платформада біріктірілмек.
РКС: Спорт саласындағы жетістіктермен қатар, белгілі бір қауіп-қатерлер де кездесуі мүмкін. Мәселен, жыл басынан бері өңірде спорт саласында екі жазатайым оқиға тіркелді. Әрине, мұндай жағдайлардың орын алмайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. Дегенмен, олардың алдын алу үшін кешенді шаралар қабылдауға болады. Осы орайда сала мамандары спортпен шұғылданатындар үшін қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттігін атап өтті. Біріншіден, бапкерлер спортшыларға ерекше көңіл бөлуі қажет. Екіншіден, жарыстарға қатысатын спортшылардың дайындық деңгейі мұқият бағалануы тиіс. Бұдан былай осы талаптар қатаң бақылауда болады. Жарыстарға қатысудан бұрын өтініштер спорт мектептері директорларының қолымен бекітіліп, спортшыға жауапкершілікті мойнына алады. Бұл жерде бапкерлердің жауапкершілігі де зор екенін айта кету керек.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ