ДИКТОР: Мемлекет басшысы күні кешегі Жолдауында кәсіпкерлер елімізді цифрлық дамытудың қозғаушы күші болуға тиіс екенін шегелеп айтты. Еліміз бойынша 2 миллионнан астам шағын бизнес субъектісінің ішінде өнім өндіретін кәсіпкерлер саны 6 процентке жетпейтінін алға тартты. Іскер азаматтардың әлеуетін толық ашу мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Сондықтан тиісті құқықтық базаны жаңғырту керек,-деп атап өтті Президент. Биыл еліміз бойынша кәсіпкерлікті қолдауға шамамен 2,2 трлн теңге қарастырылған. Қазірдің өзінде 7,5 мың кәсіпкер түрлі бағыттағы мемлекеттік қолдауға ие болды. Мәселен, ауыл шаруашылығы бағытында көрсетілген қолдау бойынша Ақмола облысы бірінші орында келеді.

РКС: Ақмолалық шаруалардың 328 жобасына қолдау көрсетілді. Жалпы сомасы 80 млрд теңгені құрайтын несиесіне 67,4 млрд. теңге кепілдік алған. Бұл диқандардың көктемгі егіс пен күзгі ораққа дер кезінде кірісуіне мүмкіндік берді.

СНХ: БОЛАТБЕК ӘСЕНОВ, ШАРУА: 32 млн-ға жанармай алдық, Үкімет берген 254 теңгеден және «Кең дала -2» программасымен кредит алдық. Сайман алдық, жанармай алдық.

РКС: Бүгінде «Даму» қоры арқылы мемлекеттік қолдаудың бірнеше түрі жүзеге асырылуда. Мәселен, еліміз бойынша 3400 кәсіпкердің несиесіне 510 млрд теңге кепілдеме берілді. 2,5 мың кәсіпкер 345 млрд теңге көлемінде субсидия алды.

СНХ: НҰРБОЛ ЖАНАБЕКОВ, «ДАМУ» ҚОРЫНЫҢ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ: Осы жылдың өзінде 270 млрд теңге субсидияға бөліну қарастырылуда. Маусым айынан бастап 750 млрд теңгеге жеке кәсіпкерлерді қолдау жоспарлануда. 750 млрд теңгенің 450 млр теңгесі екінші деңгейлі банктердің қаражаты есебінен кәсіпкерлерді қолдайтын болады.

РКС: Көкшетаулық Дана Қабиденова білім беру орталығын осыдан 10 жыл бұрын ашты. Өзі ағылшын тілі мұғалімі болғандықтан, алғашқыда кабинет жалдап, балаларды жеке оқытқан. Кейін мемлекеттік тапсырыс алып, шет тіліне қоса, қазақ тілі мен орыс тілдерін және математикадан қосымша білім береді.

СНХ: ДАНА ҚАБИДЕНОВА, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР: Алғашқы бетте кішкентай кабинеттен бастаған ісімізді қазіргі кезде мемлекеттік қолдау арқылы кеңейтіп, несие алғанбыз. Егер бұрын біз мысалы кеңсені жалға алсақ, 10 жыл бұрын, енді міне мемлекеттік қолдаудың арқасында өзіміздің кеңсемізді алуға мүмкіндігіміз келіп тұр.

РКС: Ақмола облысы бойынша 61 мыңнан аса кәсіпкер түрлі салада жеке ісін дөңгелетіп отыр. Жыл басынан бері шағын және орта бизнеспен айналысатын кәсіпкерлердің 71 жобасы 8 млрд теңгеге қаржыландырылды.

СНХ: АЙНАГҮЛ БАЙДӘУЛЕТОВА, «ДАМУ» ҚОРЫ АЙМАҚТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Біздің қолдауымызды алған кәсіпкерлер 6,5 трлн теңгеге өнім өндіріп, 459 млрд теңге салық түсімін қамтамасыз етті. Бұл ретте аударылған субсидия сомасы 43,3 млрд теңге.

РКС: Мемлекеттік қолдаудың арқасында өңірде кәсіпкерлер саны 2,5 мыңға артты. 4 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылды.

БИБІНҰР ӘМІРХАНҚЫЗЫ, ДАНИЯР ЖҰМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ