ДИКТОР: Қыркүйектің бірінен бастап Қазақстанның барлық мектебінде жаңа тамақтану стандарты енгізілді. Әралуан мәзір Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарын ескере отырып әзірленген. Бұдан былай оқушылар көкөніс, жеміс және сүт өнімдерін көбірек тұтынады. Күнделікті рационнан қант пен тұз мөлшері азайтылмақ.

РКС: Жаңа стандарт балалардың білім беру ұйымдарында салауатты, рационалды және теңгерімді тамақтануына ықпал етеді. Мектеп асханаларынан құрамында қанты бар шырындар мен сусындар алынып тасталды. Сол сияқты фаст-фуд өнімдері, ащы соустар, саңырауқұлақ, балмұздақ пен тағамдық концентраттар да бұдан былай асхана мәзірінде болмайды. Есесіне балалардың организміне жақсы сіңетін пайдалы өнімдер ұсынылады.

СНХ: СӘУЛЕ СӘДУАҚАСОВА, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Тамақтанудың бұл стандартын денсаулық сақтау және оқу-ағарту саласының мамандары әзірледі. Мәзір төрт апталық цикл бойынша жасалған. Әзірленген мәзір Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан бекітіліп, барлық мектепке енгізілді. Мұнда балалардың физиологиялық ерекшеліктері, калория мөлшері, маусымдық факторлар және климаттық жағдайлар ескерілді.

РКС: Медбикелер аптасына бір рет асханадағы дайын тағамдар мен кулинарлық өнімдерді оқушыларға бермей тұрып, сапасын міндетті түрде тексереді. Бұдан бөлек, асхана қызметкерлері денсаулығының жағдайына ерекше бақылау жүргізіледі. Асхана меңгерушісі барлық азық-түлік қатаң сапалық тексерістен өтетінін атап өтті.

СНХ: АСЯ ТУМГОЕВА, М. ҒАБДУЛЛИН АТЫНДАҒЫ №3 КӨПСАЛАЛЫ МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ АСХАНА МЕҢГЕРУШІСІ: Денсаулық сақтау министрлігінің асханадағы тамақтануға қатысты бұйрығы бар. Мәзірді Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасы арқылы қайта қарады. Жұмыс тобы құрылып, оған мектеп асханаларын жалға алушылар қосылды. Сондай-ақ, жиын өткізіліп, түзетулер енгізілді. Қазір 365-ші бұйрыққа сәйкес мәзір бекітілді. Біз осы мәзір бойынша, тамақтану стандартына сай жұмыс істеп жатырмыз.

РКС: Балалардың тамаққа қанағаттану деңгейін бағалау және мектептегі тамақтану жүйесінің тиімділігін анықтау мақсатында елімізде алғаш рет «Жеуге жарамсыздық индексі» енгізілді. Мектепке азық-түлік енді тек тексерілген отандық өндірушілерден ғана сатып алынады.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ