ДИКТОР: Бурабайдағы аралар мұражайы ерекше туристік нысандардың бірі. Ондағы экспонаттар ғажайып жәндіктердің тіршілігінен сыр шертеді. Мұражайды тамашалауға келгендер аралардың өмір сүру ерекшелігі мен тындырымды еңбегімен танысады. Сонымен қатар қонақтар бір сәтке болса да өзін нағыз омарташының ролінде де сынай алады.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Мұражай қорында көне омарта ұялары, омарташылардың күнделікті жұмыста қолданатын құралдары мен заманауи ара шаруашылығында қолданылатын озық технология үлгілері көрініс тапқан. Мұнда ересектер мен балаларға арналған экскурсиялар ұйымдастырылып, түрлі шеберлік сабақтары өткізіледі.

СНХ: ӘЙКЕРІМ ДҮЙСЕНӘЛІҚЫЗЫ, МҰРАЖАЙ ҚЫЗМЕТКЕРІ: Біз келушілерге аралардың ұясындағы барлық процесті көрсетеміз. Сол себепті, біздің мұражайға балалар мен ересектердің қызығушылығы басым. Бұл жерде олар арнайы ұсынылған балдан дәм татады. Сондай-ақ біз барынша аралардың табиғи болмысы мен құрылысы жайлы жан-жақты мәлімет береміз. Экскурсия соңында келушілерге бал қосылған хош иісті істі шайдан дәм татырамыз.

РКС: Аралар мұражайына отбасымен келіп те танысуға болатын керемет орын. Айта кетейік, бұл үрдіс соңғы кезде игі дәстүрге айналып келеді. Әсіресе, балалар үшін қызыққа толы саяхат, ал ересектерге таным көкжиегін кеңейтер мүмкіндік.

СНХ: ЕРКІН САЛМҰХАМЕДОВ, МҰРАЖАЙҒА КЕЛУШІ: Бұл жерге алғаш рет келіп тұрмыз. Шыны керек, көбінесе ара дегенде, көз алдымызға тек балды елестетеміз ғой. Ал бұл жерде олардың табиғаты, тіпті ежелгі Мысыр дәуірінен бергі тарихы жайлы тың деректер айтылды. Баламыз үшін де бұл көрініс өте қызықты болды. Адамдар табиғаттың осындай ерекше жәндіктерді сонау көне дәуірлерде жаратқанын біліп, бағамдауы үшін осы іспеттегі мұражайлар көбірек тұрғызылуы керек.

РКС: Мұражай басшылығы Бурабайға келген меймандардың аралар әлемімен танысу арқылы оларды табиғатты аялауға, туған өлкенің жаңа қырларын ашуға жетелейтініне сенімді.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ