ДИКТОР: Өңірде цифрлық инфрақұрылымды дамыту белсенді жүргізілуде. Шалғайдағы елді мекендерге сымсыз интернет пен спутниктік жабдықтар тартылса, шаһарымызда оптикалық-талшықты желіге көшу басталды. Жаңа технологиялар интернет жылдамдығын арттырып, тұрақты байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

РКС: Өңірде шалғай ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету мақсатында сымсыз желі жүйесіне ерекше назар аударылып отыр. Себебі оптикалық талшықты тарту кейбір жағдайларда тиімсіз. Осы мақсатта биыл үш елді мекенде сымсыз желі жүйесі енгізіледі. Бұл шара шалғайдағы тұрғындарға жоғары жылдамдықтағы интернетке қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік бермек.

СНХ: БЕКБОЛАТ ЕСШЕНОВ, «ҚАЗАҚТЕЛЕКОМ» АҚ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Биыл сымсыз желі жүйесімен Жақсы ауданынына қарасты Новокиевка ауылы, Бурабай ауданының Новобратск ауылы мен Зеренді ауданының Ақкөл ауылы қамтылады. Қазір жұмыстар аяқталуға жақын. Аталған елдімекендер қыркүйекте тұрақты интернетке қосылады.

РКС: Әсіресе, ауыл мектептеріне айрықша назар аударылуда. Білім және цифрлық даму министрліктерінің бірлескен бұйрығына сәйкес, өңірде 520 мектеп интернетпен қамтылады. «Starlink» спутниктік жабдығы арқылы интернет жылдамдығы 150-ден секундына 230 Мбит-ке дейін жетеді. Цифрлық инфрақұрылымды дамыту мақсатында спутниктік интернетпен қамтамасыз етілген 30 мектеп оптикалық талшықты желіге ауыстырылды.

СНХ: ОЛЖАС ҚАМИ, «SMART AQMOLA» БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бұл жоба аясында еліміз бойынша 2 мың мектепті интернетпен қамтамасыз ету тапсырмасы жүктелді. Өңірлік орталық ғарыш қызметі шалғай ауыл мектептерін жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету үшін қажетті жабдықты сатып алды. Қазір барлық мектеп қосылды. Өңірде екі жыл бұрын 275 мектеп қосылған еді, енді 240 мектеп «Starlink»-пен байланыс орнатып, қалған мектептер оптикаға қосылды.

РКС: Ал Көкшетауда оптикалық талшықты желілге көшу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұрын интернет жылдамдығы 10 мегабитке дейін жетсе, енді секундына 500 Мбит-ке дейін артады,-дейді мамандар.

СНХ: АСҚАР КАРСАҚОВ, «ҚАЗАҚТЕЛЕКОМ» АҚ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Көкшетауда оптикалық талшықты желіге қосу жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта 7 мыңнан астам абонентті қосу қалды. Бұл жұмыстар алдағы бір-екі жыл ішінде толық аяқталады. Қаладағы барлық абоненттер оптикалық жүйеге қосылғаннан кейін, интернет жылдамдығы секундына 500 Мбит-ке дейін жетеді.

РКС: Өңірде жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділікті арттыру мақсатында кешенді шаралар қабылданып жатыр. Әр елді мекеннің ерекшеліктеріне қарай түрлі технология енгізілуде. Бұл қала мен ауыл арасындағы ақпараттық теңсіздікті төмендетуге мүмкіндік береді.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖАНДОС САЙЛАУ, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ