ДИКТОР: Көкшетаудағы сауда орталықтарының бірінде профилактикалық рейд өткізілді. Шара барысында полиция қызметкерлері тұрғындарға заңнамаға енгізілген өзгерістерді түсіндірді. Енді қоғамдық орындарда бетті тұмшалайтын, атап айтқанда, балаклава, бетперде, никаб сияқты киімдерді киюге тыйым салынады. Құқық қорғау органдары бұл шараның дінге қарсы бағытталмағанын атап өтті. Бетті жаппайтын хиджаб, шәлі, химар және өзге де элементтерге тыйым салынбайды. Полицейлердің айтуынша, адамның бет-әлпетін визуалды тануға, соның ішінде бейнебақылау камераларымен анықтауға кедергі келтіретін дәрежеде жабатын киімдер құқықбұзушылық болып саналады. Бұл қатарға балаклава, бетперде, никаб және өзге де бұйымдар жатады. Айта кетейік, әзірге жазалау шаралары қолданылмайды. Қазір алдын алу шаралары мен құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Тыйым салынбайтын жағдайлар да қарастырылған: Атап айтқанда, медициналық көрсетілімдер, қызметтік міндеттер, ауа райының қолайсыздығы және бұқаралық іс-шаралар кезінде ғана аталған элементтерді киюге рұқсат беріледі.
СНХ: ҚУАТ ҚАЖЫМОВ, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ УЧАСКЕЛІК ИНСПЕКТОРЫ: Бүгін Көкшетау полиция басқармасы қызметкерлері тұрғындармен және қала қонақтарымен бетті тұмшалап жабатын киім киюге тыйым салу жөніндегі заңнамалық өзгерістер туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мұндай шаралар апта сайын халық көп шоғырланатын орындарда ұйымдастырылады. Мүмкіндігінше көп азаматты ақпараттандыру көзделген.