ДИКТОР: Аршалы ауданында синтетикалық есірткінің ірі партиясы тәркіленді. Құқық қорғау органдары елордаға 11 мыңнан астам мефедрон дозасын жеткізбек болған такси жүргізушісін қолға түсірді. 32 жастағы қала тұрғыны бірнеше ай бойы такси жүргізушісі болып жұмыс істей жүріп, есірткі заттарын заңсыз таратумен айналысқан деген күдікке ілінді. Алғашқы жауап алу кезінде күдікті бұл іске небәрі екі апта бұрын кіріскенін айтқан. Алайда жедел тергеу барысында оның есірткі саудасымен әлдеқайда ертерек айналыса бастағаны анықталды. Қазіргі уақытта бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің тиісті баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

СНХ: ДАРХАН СЫЗДЫҚОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ: «Заң және тәртіп» қағидаты аясында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі құралдарының заңсыз айналымына жол бермеу және оларды таратушыларды анықтап, ұстау бағытында жоспарлы әрі тиімді жұмысын жалғастыруда. «Қарасора – 2025» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында жүргізілген арнайы операция нәтижесінде елордаға 11 мыңнан астам мефедрон дозасының жеткізілуіне тосқауыл қойылды. Синтетикалық есірткіні тасымалдаған күдікті Аршалы ауданы аумағында ұсталды. Оның автокөлігінен 2 келі 200 грамм мефедрон табылды. Тәркіленген есірткінің қара нарықтағы бағасы 40 миллион теңгеден асады. Аталған деректер бойынша есірткі заттарын заңсыз сату бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.