ДИКТОР: Бурабайда табиғат сұлулығына тамсанып қана қоймай, денсаулықты да нығайтуға болады. Демалыс аймақтарының бірінде қонақтарға дәрумендер мен микроэлементтерге бай емдік сусын – бие сүті саумалдан дәм татып көру ұсынылады. Мұндай сусынды көшпенділер ежелден жоғары бағалаған, ал бүгінде оның қасиетін дәрігерлер де растап отыр.

РКС: Бурабай ежелден-ақ шипалы ауасымен және минералды қайнарларымен танымал. Бүгінде осы табиғат сыйларына саумалмен емдеу сияқты тағы бір сауықтыру бағыты қосылды. Қарағайлы орманның қақ ортасындағы жайлы демалыс аймақтарының бірінде қонақтарға дәрумендер мен микроэлементтерге бай, бие сүті саумалдан дәм тату ұсынылады.

СНХ: АЙНҰР ТҰРАБАЕВА, ДЕМАЛЫС ОРНЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Біздің кешеннің негізгі концепциясы келген қонақтарды табиғат аясынан айырмай, ерекше әсер қалдыру. Біздің сыртқы және ішкі туризмнен басқа «Саумал» деген бағдарламамыз бар. Бұл бағдарламада заманауи медицина мен дәсүрдің үйлесім табады. Саумалдың құрамында 40 шақты дәрумен бар. Адамның ағзасына өте жақсы әсер береді. Саумалдың курсын біз арнайы бағдарламамен ұсынып отырмыз, адамдар тек демалып қана қоймай, ағзасына да пайдалы заттар алады, Қазақстанның табиғатымен танысады.

РКС: Саумал тек таңертеңгісін, жаңа сауылған күйінде ғана ұсынылады, өйткені бұл кезде оның емдік қасиеті ерекше күшті болады. Көшпелі дала дәмін тату үшін мұнда тек қазақстандықтар ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен туристер де келеді. Мысалы, Кореядан келген қонақтар өз әсерлерімен бөлісті.

СНХ: КОРЕЯДАН КЕЛГЕН ТУРИСТЕР: Сәлем мен Джей Джей, ал бұл Соу. Менің Қазақстанға екінші рет келуім. Бұл жердің, әсіресе Бурабайдың табиғаты өте әдемі. Бұл менің сүйікті жерім.

РКС: Саяхатшылар жиі таңдайтын үйлесім: ұлттық дәстүрлер, таза ауа және денсаулыққа күтім жасау. Демалыс аймағы әкімшілігінің айтуынша, мұндай қызметтер тек сауығуға көмектесіп қана қоймай, Бурабайды әлемнің түкпір-түкпірінен келетін туристер үшін одан да тартымды ете түседі.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ