ДИКТОР: Ақмола облысының диқандары биылғы егін орағын сәтті өткізуге дайындалып жатыр. «АгроКеңес – 2025 жылғы егін» атты ауқымды шараға 300-ден астам диқан қатысты. Сандықтау ауданында өткен кеңеске жергілікті билік өкілдері, Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары, ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен элеватор басшылары, сондай-ақ жанар-жағармай жеткізушілер жиналды. Басты мақсат – егін жинауды уақытылы әрі агротехникалық талаптарға сай жүргізу жайын талқылану.
РКС: Биыл аймақтағы жаздық егіс алқабы 5,5 млн гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 300 мың гектарға артқан. Диқандар егістік алқаптарын әртараптандырумен айналысуда. Өнімділігі жоғары дақылдардың үлесі артуда. Майлы дақылдардың көлемі екі есе артып, алғаш рет 500 мың гектарға жуықтаған. 4,5 млн гектардан астам жерге дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар егілген. Аймақтың түкпір-түкпірінен келген диқандардың Максимовка ауылында бас қосуы бекер емес. Мұндағы «Максимовское» және «Свободное» шаруашылықтары облыстың жетекші кәсіпорындарының қатарында. Олар заманауи технологияларды белсенді қолданады. Шаруашылық басшылары алқап басында өз тәжірибелерімен бөлісті.
ЛЮФТ: Дифференциалды енгізу. Агрегат алқапқа кіріп, суармалы аймаққа жеткенде тұқым мен тыңайтқышты көбірек енгізеді. Суармалы аймақтан шыққанда – азайтады.
Компьютерге алдын ала бағдарлама енгізіле ме?
– Иә, «Джон Дир» техникасына дифференциалды себу бағдарламасын толықтай жүктейміз. Ол шеңбер мен суару аймағын өзі таниды.
РКС: Агрокеңесте облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпан көктем-жаз мезгілдерінде жақсы өнім алу үшін ауқымды жұмыстар жүргізілгенін атап өтті. Бұл істе мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау үлкен рөл атқарған.
СНХ: МҰРАТ БАЛПАН – АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Кең Дала» бағдарламасы аясында 910 фермерге 117 млрд теңгеден астам қаржы көлемінде қолдау көрсетілді. Жыл басынан бері 40 млрд теңгеге 1000-нан астам ауыл шаруашылық техникасы сатып алынды. Лизингтік жеңілдік бағдарламасы бойынша былтырғыдан екі есе көп техника алынған. Жалпы, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға биыл облыста 234 млрд теңгеден астам қаржы бағытталған.
РКС: Күзгі дала жұмыстарына Үкімет тарапынан 84,5 мың тоннаға жуық жеңілдетілген жанар-жағармай бөлінген. Оның бір бөлігі шаруаларға жеткізілді. Негізгі көлем жаппай орақ науқаны басталғанда беріледі. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы айтты. Ол ауыл шаруашылық өндірушілеріне 20 тамызға дейін кептіру жұмыстарына қажетті жанармайға өтінім беруді сұрады.
СНХ: НҰРБЕК БАДЫРАҚОВ – АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Биылғы жинау науқанына 7 мыңнан астам астық жинайтын комбайн қатысады. Оның ішінде 4,8 мың – заманауи, жоғары өнімді техникалар. Сонымен қатар 2,7 мың валкалы жатка және 4,8 мың жүк көлігі жұмылдырылады.
Биыл біз 6 млн тоннадан астам астық пен алғаш рет 650 мың тонна майлы дақыл жинауды жоспарлап отырмыз.
РКС: Жаңа өнімді қабылдау және сақтау жұмыстарына 66 элеватор мен бір жарым мың қойма дайын. Жалпы сыйымдылығы – 7,2 млн тонна. Облыс әкімінің орынбасары элеваторлар мен қабылдау пункттеріне астықты үздіксіз қабылдауды қамтамасыз етуді тапсырды. Агрокеңес соңында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне ауа райының қолайлы болуын және мол өнім, науқанға сәттілік тіледі.
НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АЛМАС САДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ