ДИКТОР: Учаскелік полиция инспекторлары қала тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Олар күнделікті өздеріне бекітілген аумақта құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және тұрғындармен тығыз байланыс орнату бағытында қызмет атқарады.
РКС: Инспекторлар отбасы-тұрмыстық жанжалдардың алдын алып, жасы кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықпен күреседі, пробацияда тұрған азаматтармен профилактикалық жұмыс жүргізеді. Сондай-ақ, азаматтардың өтініштері мен шағымдарын назардан тыс қалдырмай, кез келген даулы мәселелерге жедел әрекет етеді. №2 учаскелік полиция пунктінің инспекторы Қуат Қажымов атасы Мырзағали Қажымовтың үлгісін ұстана отырып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз өмірін арнауға бел буды.
СНХ: ҚУАТ ҚАЖЫМОВ, №2 УЧАСКЕЛІК ПОЛИЦИЯ ПУНКТІНІҢ ИНСПЕКТОРЫ: Атам екінші дүниежүзілік соғысының ардагері әрі милиция подполковнигі болды. Ол мен үшін әрдайым адал қызметтің үлгісі және «Біреудің нәрсесін ешқашан алма, әрдайым адамдарға көмектесуге тырыс», - деп айтатын. Осы сөздерді есте сақтап жүрмін. Жасымнан қиын жағдайға тап болған адамдарға көмектесуді армандадым. Бақылаушы ғана емес, қауіпсіздік пен тәртіпке нақты ықпал ете алатын адам болғым келді. Әсіресе тұрғын үй кооперативтері мен мүлік иелері бірлестіктерінің төрағаларымен бірлесе жұмыс істеу жақсы көмектеседі. Бірігіп, мәселелерге жедел әрекет етіп, абаттандыру жұмыстарын ұйымдастырып, бейнебақылау камераларын орнатамыз. Осындай өзара байланыс бекітілген аумағымызды тыныш әрі қауіпсіз етеді.
РКС: Учаскелік полиция инспекторының негізгі міндеті кез-келген жағдайды талдау, бекітілген аумақты аралау, тұрғындармен кездесулер және құқық бұзушылықтардың алдын алу. Қарт адамдармен ерекше қарым-қатынас қажет: оларға көңіл бөлу, тұрмыста көмек көрсету, кейде олармен жай ғана әңгімелесу маңызды. Соңғы уақытта қарттар арасында интернет алаяқтық оқиғалары көбейіп кетті. Осындай жағдайларды болдырмау мақсатында Қуат Қажымов профилактикалық іс-шаралар жүргізеді — тұрғындарды аралап, алаяқтарды қалай анықтауға болатынын түсіндіреді.
СНХ: АЛТЫН ДОСЫМОВА, НАЗАРБАЕВ КӨШЕСІ №55 ҮЙІНІҢ МҮЛІК ИЕЛЕРІ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ: Аумағымызда тәртіп орнату үшін әрдайым полицияның, әсіресе учаскелік инспектордың көмегіне жүгінемін. Кез келген өтінішім елеусіз қалмайды, міндетті түрде оң нәтиже береді. Мысалы, аулада бірнеше жыл бойы тұрған көліктер мәселесі бойынша бірнеше рет жүгіндім – учаскелік полицейлер бұл мәселені шешті. Учаскелік инспекторлармен қарым-қатынасымыз өте жақсы. Олар абаттандыру жұмыстарына да белсенді қатысып келеді. Біз үшін ең өзекті мәселе қоқыс алаңы. Әсіресе учаскелік инспектор Қуат Болатұлына алғысым шексіз. Ол менің жеке өтініштеріме де, тұрғындар атынан түскен сұрақтарға да үнемі құлақ салып, қолдау көрсетеді.
РКС: Учаскелік полиция инспекторлары — қоғамдық тәртіптің алдыңғы шебінде жүрген мамандар. Тұрғындардың өтініштеріне жедел жауап беру — учаскелік инспектор жұмысының маңызды бөлігі. Бұл халықтың сенімін арттырып, аудандардың тыныштығын қамтамасыз етуге ықпал етеді. Қуат Қажымов профилактикалық әңгімелер жүргізіп, әлеуметтік осал топтармен жұмыс істейді, тұрғындардың өтініштеріне жедел жауап береді. Бұл – халықтың қауіпсіздігі мен сенімінің кепілі.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.