ДИКТОР: Жыл басынан бері Ақмола облысының Мемлекеттік еңбек инспекциясы 165 кәсіпорын мен ұйымды тексеріп, 183 құқықбұзушылық анықтаған. Ақмола облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясының өкілі Уақыт Бейсембаев брифингте алғашқы жартыжылдықты қорытындылап, еңбек заңнамасын өрескел бұзғаны үшін 60 лауазымды және заңды тұлғаға жалпы сомасы 8,7 млн теңге айыппұл салынып, 5 ескерту берілгенін хабарлады. Әріптесім Сәния Есімсейітова тарқатсын.
РКС: Жыл басынан бері жеке және заңды тұлғалардан 1262 өтініш келіп түскен. Оның ішінде 407-і – жалақы төлемеу, 436-сы – заңсыз жұмыстан босату мәселесі бойынша болса, 57 өтініш – қарсы арыз мәселесі бойынша түскен. Тексеріс нәтижесінде 41 кәсіпорында 577 жұмыскерге 295,3 млн теңге көлемінде жалақы берешегі бары анықталған. Қабылданған шаралардың арқасында оның 276,4 млн теңгесі өтелді. 39 жұмыс берушіге ұйғарым беріліп, 5,4 млн теңге айыппұл салынды.
СНХ: УАҚЫТ БЕЙСЕМБАЕВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БОЙЫНША МЕМЛЕКЕТТІК ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ ДЕПАРТАМЕНТІ ӘДЕП ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛІНІҢ ЖҰМЫСЫН АТҚАРУ БАСШЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Қазіргі таңда 2 кәсіпорында 14 жұмыскерге 18,9 млн теңге қарыз бар. Ол Аршалыдағы «Михайловское» ЖШС, Аршалы ауданы және «Көкшетау автовокзалы». Бұл біз бұзушылық бар екенін анықтағаннан кейін, сот орындаушыларға өтті. Сонымен қатар, жеке сот орындаушыларының өндірісінде тұрған тағы 12 кәсіпорын 40 жұмыскерге 131,1 млн теңге берешек.
РКС: Айта кетейік, есептік кезеңде облыста 24 өндірістік жазатайым оқиға тіркеліп, оның үшеуі өліммен аяқталған. Мұндай оқиғалар негізінен – еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылуынан, өндірістің тиісті деңгейде ұйымдастырылмауы мен жұмыскерлердің қауіпсіздік ережелерін сақтамауынан болған.
СНХ: УАҚЫТ БЕЙСЕМБАЕВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БОЙЫНША МЕМЛЕКЕТТІК ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ ДЕПАРТАМЕНТІ ӘДЕП ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛІНІҢ ЖҰМЫСЫН АТҚАРУ БАСШЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Барлық жазатайым оқиға бойынша арнайы тергеп тексеру жүргізілді. Өндірістегі жазатайым оқиғалар туралы актілер жасалды. Олардың нәтижелері бойынша жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің үлесі айқындалды. Барлық материалдар шешім қабылдау үшін ішкі істер органдарына жіберілді.
РКС: Тамыз айындағы мәліметтер бойынша, облыстағы жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың 94%-інде ұжымдық шарттар жасалған. 154 мыңнан астам электрондық еңбек шарты тіркелген. Өңірде қызметкерлердің құқықтарын қамтамасыз ету мен еңбек қауіпсіздігі жүйесін жаңғырту жұмыстары әлі де жалғасуда.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ