ДИКТОР: Жыл соңына дейін елімізде 100 сауда нысаны жаңғыртылмақ. Тұтынушылар мен кәсіпкерлік субъектілеріне қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасау – өңірдегі базар иелерінің де міндеті. Сауда және қызмет көрсету саласы бойынша салалық кеңестің кезекті отырысында облыстық кәсіпкерлерге стандарттар мен жауапкершілік шаралары жөнінде кеңінен түсіндірілді.

РКС: Кәсіпкерлерге қауіпсіздік деңгейін арттыру, санитарлық және өрт қауіпсіздігі жағдайларын жақсарту, сатып алушылар мен сатушылар үшін қолайлы инфрақұрылым қалыптастыру, сондай-ақ цифрлық шешімдерді енгізу сияқты бірқатар талаптар енгізілген. Мұндай міндеттер «Сауда қызметін реттеу туралы» заңда көзделген.

СНХ: РАСУЛ СЫЗДЫҚОВ, ӨҢІРЛІК КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Биыл жыл соңына дейін күшінде болатын Жол картасына сәйкес, облыстың қала және аудан деңгейінде базарларды жаңғырту бойынша іс-шаралар жүргізілуі қажет. Өңірімізде олардың саны көп емес екенін білесіздер. «Жібек жолы» мен «Орталық базар» жаңғырту жұмыстарын бастап кетті. Қазіргі уақытта ауқымды жаңғырту жұмысы жүргізілуде. Бұл – ұсынылатын тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің сапасын арттыру үшін жасалып отыр. Мұндай жағдай сатушылар үшін де қолайлы, өйткені қызметті арнайы жабдықталған орындарда жүзеге асыру тиімдірек. Әрине, бұл көшедегі саудамен шатастырылмауы тиіс, себебі оны ешкім тиған жоқ. «Сауда қызметін реттеу туралы» заңға сәйкес, ол да заң аясында жүзеге асырылады.

РКС: Сауда нысандарын жаңғырту басталған кезде облыс аумағында 25 сауда базары болған. Алайда, сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Самат Сайдалиннің айтуынша, олардың көпшілігі қызмет түрін «сауда үйлері» форматына өзгерткен. Кәсіпкерлерге заң талаптарын сақтамау ескерту мен айыппұл түріндегі жауапкершілікке әкелетінін еске салды. Бұдан бөлек, реквизиттер мен көрнекі ақпаратты орналастыру кезінде тілдік нормаларды сақтау қажеттігі де түсіндірілді.

СНХ: ГҮЛМИРА СӘБИРОВА, ОБЛЫСТЫҚ ІШКІ САЯСАТ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 2023–2029 жылдарға арналған тілдерді дамыту тұжырымдамасына сәйкес, өңірімізде бірқатар жұмыстар атқарылуда. Соның ішінде кәсіпкерлік субъектілеріне әдістемелік көмек көрсету бағытында да шаралар жүзеге асырылып келеді. Мысалы, жыл басынан бері Көкшетау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен бірлесіп, 17 қоғамдық тамақтандыру орнына көмек көрсетілді. Мамандар кәсіпкерлерді толғандыратын өзекті мәселелер бойынша мақсатты түрде әдістемелік қолдау көрсетіп, сұрақтарына жауап берді.

РКС: Биыл 14 наурыздан бастап кәсіпкерлер мен ұйымдар жарнамалар мен маңдайшаларды орнату үшін жергілікті атқарушы органдармен келісуге міндетті. Бұл жұмыс мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында жүргізіліп жатыр.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ