Абайдың 180 жылдық мерейтойына арналған шаралар легі түйінделді

ДИКТОР: Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған шаралар легі өз мәресіне жетті. Айта кетейік, мерейтой биыл ел көлемінде кең ауқымда он күн бойы аталып өтті. Оның аясында Абайдың өнегелі өмірі мен мұрасын жас ұрпаққа насихаттау мақсатында еліміздің түкпір-түкпірінде әдеби-мәдени шаралар ұйымдастырылып, ғылыми конференциялар, көрмелер мен шығармашылық кештер өткізілді. Көкшетауда мерейтойлық шараның қорытынды шымылдығы - Абай күніне арналған мәдени арбатта түрілді. Тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады.

РКС: Шаһарымыздың жаңа жағалауында ақынның 180 жылдық мерейтойына арналған «Абай әлемі» атты мәдени арбат ұйымдастырылды. Мәдени арбат қазақтың қасиетті ұғымына негізделген 7 аймаққа бөлінген. Әр аймақтың өзіндік мазмұны мен мәні бар. Бірінде ұлттық қолөнер шеберлері өз туындыларын паш етсе, енді бірінде жас ақындар мен өнерпаздар Абай өлеңдерін мәнерлеп оқып, әнін шырқады.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Әдеби аймақта өткен «Өлең сөздің патшасы» атты өнер додасында қатысушылар жұртшылық назарына Абайдың терең философиясы мен шығармашылығына арналған авторлық туындыларын ұсынды.

СНХ: РАМАЗАН БАУЫРЖАНҰЛЫ, АҚЫН: Жалпы, мен бүгін Абайға жазған шығармам ол – Абайдың рухына тағзым, Абаймен үндесу, әдебиетті ары қарай дамыту, көркейту сондай мақсатта ұлы Абайдың жан-дүниесін түсініп, Абайдың шығармасын түсініп, соған өлең жазу - әрбір ақынға бұйыратын бақыт деп ойлаймын! Абайға өлең жазу өте қиын, күрделі. Абайдың тұлғасын тану, оның мұрасын жалғастыру – біз сияқты жас ақындарға парыз, міндет деп ойлаймын!

СНХ: НҰРИСЛАМ ӘБДІЛ, АҚЫН: Кемелденген сайын Абай тереңдей береді, биіктей береді. Жас ұрпақ үшін Абайдың шығармашылығындағы ең басты қажеттілік – адамзаттық ойлар, адамзаттың бәрін сүй – бауырым деп мысалы, өзіңе сен, еңбегің мен білімге сен, екі жақтап сені алып шығатын, бос мақтанға ерме дейтін, өмірдегі жас ұрпақтың енді қалыптасып келе жатқан баспалдағында Абайдың шығармашылығы оған ақыл-кеңес ой береді. Абай мұрасы өзі «Мыңмен жалғыз алыстым» дегендей біздің кейбір қалыптасып қалған қағидаттарды бұзуға, жеке адам, жеке принципті қалыптастыруға, қоғамдық көзқараспен ғана емес, адамдық көзқараспен өмір сүруге жетелейтін үлкен философиялық ақыл-кеңеске толы даналық ойлар көп. Сондықтан, жас ұрпақ Абайды оқыса, жеке адам ретінде, жеке тұлға ретінде қалыптасып, қоғамға өз пайдасын тигізе алады деп ойлаймын.

РКС: Бұған қоса, мәдени арбат аясында кітап жәрмеңкесі, театрландырылған көрініс пен фольклорлық ансамбльдердің шеруі ұйымдастырылды. Ал бейнелеу өнері алаңында өткен көрмеде жас суретшілер ұлы ойшылдың мұрасын қылқалам арқылы өрнектеп, туындыларына жан бітірген суреттері ұсынылды.

STAND-UP: ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ТІЛШІ: «Шеберлер шаһары» көрмесінде киіз, ағаш, қыш, теріден жасалған бұйымдар ұсынылған. Жергілікті қолөнерші Гүлнәр Орынбаева да өз бұйымдарын көрмеге әкелген екен. Гүлнәр апай, өз бұйымдарыңызбен таныстырып, сырымен бөлісіп өтсеңіз.

СНХ: ГҮЛНӘР ОРЫНБАЕВА, ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ: Қойдың жүнінен әжеміздің ізімен, ата-бабамыздан қалған, солардың қанымен келген өнер деп ойлаймын. Мына жерде салтанат сарайында үлкен шеберханам бар, балаларды үйретемін. Текеметтер жасаймын, бас киімдер, Кішкентай кезімде әжемізден үйренгенмін. Халқымыз кисін, жастарымыз, жас келіншектер үйренсін деп сондай ісіміз бар.

СНХ: ҰЛЖАЛҒАС ҚАРЫМСАҚОВА, ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ: Мен бұл көрмеге өзімнің қолдан істеген қазақи бұйымдарымды істеп алып келдім. Мысалы, кимешек, кимешектің маңызы өте зор. Бұрын ата-бабаларымыз осы кимешекпен жүрген. Үстімдегі кимешек қолдан біз кестемен тоқылған бұрынғы ежелден келе жатқан кимешектің түрі. Сосын қазақтың ұлттық көрпе-жастықтарын тігемін. Оның барлығы қазақтың ұмытылып бара жатқан, қазақи нақыштағы өзіміздің дәстүрімізді жастарға үйрету, қадірлей түсуіне атсалысып келе жатырмын.

РКС: Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев республика көлемінде аталып өтіп жатқан Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы - кейінгі ұрпақты тәрбиелеуде және ұлы ақынның мұрасын насихаттауда маңызы зор мәдени шара екенін атап өтті.

СНХ: ДОСҰЛАН АЙТБАЕВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бастамасымен Абай мұрасын насихатау мемлекеттік деңгейге көтерілді. Бұл ақынға ғана емес, бүкіл халқымызға жасалған құрмет. Абай жылына орай көптеген іс-шаралар өткізіліп жатыр. Соның ішінде ғылыми конференциялар, әдеби байқаулар мен көрмелер жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл өскелең ұрпақты рухани байлыққа жетелейтін игі істер.

РКС: Жеті аймақтың әрқайсысы Абай әлемінің бір қыры. Әсем ән мен күмбірлі күй, әсерлі қойылымдар ұсынылған, рухани мәні зор бұл шарада кеш қонақтары ақынның шығармашылық мұрасымен етене танысты. Мәдени шара мерекелік концертпен түйінделді.

ИНТЕРШУМ:

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ