ДИКТОР: Көкшетаудағы Назарбаев және Елебаев көшелерінің тұрғындары аулаларды абаттандыру жұмыстарының созылып кеткеніне алаңдаулы. Тамыз айының соңына дейін бұл аумақтарда абаттандырылған аула мен спорт алаңдары пайдалануға берілуі тиіс болатын. Алайда тұрғындар жаз бойы өзгеріссіз қалған көрініске куә. Құрылыс алаңы ұзақ уақыт бойы тоқтап тұрғандай. Жұмыстың не себепті жалғаспай жатқанын тілші анықтады.
РКС: Бұл аулада ескі алаңның жабдықтары алынғаннан кейін, құрылыс жұмыстары іс жүзінде тоқтап қалған. Құрылыстың басталғанына бірнеше ай болған. Тұрғындар мердігер ұйымдардың әрекетсіздігіне және ақпараттың тапшылығына шағымдануда. Қазір аула қауіпті аймаққа айналған. Тұрғындардың айтуынша, балалар жиі құлап, ересектер бұзылған жолдарда жарақат алуда.
БЛИЦ: Біз – Назарбаев көшесі, 2В үйінің тұрғындарымыз. Ауламыздағы жұмыстарға қатты наразымыз. Жаз басталғалы бері бәрі өте баяу жүріп жатыр. Бізге спорт алаңы болады деп уәде берген, бәрінқопарып тастап, сол күйі ретсіз қалды. Енді келесі жылға қалдырылды деп отыр. Онда біз не үшін дауыс бердік? Ұтып алдық, бірақ бізге адамша ештеңе істелмеді. Қазір Калининада балалар алаңы салынып жатыр, ал біздің аула бос қалды. Қаржы жетіспейді дейді. Тіпті былтыр орнатылған спорт алаңының торы шіріп, жыртылып жатыр. Бізде спортпен айналысатын балалар бар, оларға дұрыс жағдай керек. Бастағаннан кейін, соңына дейін жеткізсін деп сұраймыз.
РКС: Меншік иелері бірлестігінің айтуынша, Назарбаев пен Елебаев көшелеріндегі аула тағы төрт мекенжаймен бірге бір жобаның аясында қамтылған. Осыған байланысты жол жөндеу кейінірек басталған. Жақын арада аумаққа балалар алаңын орнату жоспарлануда, ал келесі жылы жаттығу алаңын салу көзделіп отыр.
СНХ: ВЕНЕРА КИНЖАЛИНОВА, МЕНШІК ИЕЛЕРІ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ: Үш жыл бұрын жолдың нашар күйіне байланысты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына жүгіндік. Бізді қаржыландыру жоспарына қосты, қазір жөндеу басталып кетті. Жоба бойынша биыл балалар алаңы орнатылады, ал келесі жылы – воркаут алаңы салынады. Асфальт төсеу техника босай салысымен жүргізіледі деп уәде берілді.
РКС: Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәліметінше, шілде айында мердігер ұйым тарапынан жұмыста үзіліс болған. Алайда, барлық жұмыстар осы жылдың тамыз айының соңына дейін толық аяқталады деп отыр.
СНХ: ЕЛЕНА СУХАНОВА, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ МАМАНЫ: Биыл көктем айында қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі Әшімов көшесі, 217; Назарбаев көшесі, 2А және 2В; Калинин көшесі, 1; Пушкин көшесі 25 мекенжайлар бойынша аула аумақтарына күрделі жөндеу жүргізуге конкурс жариялады. Конкурс қорытындысы бойынша «Азиасервис» компаниясы жеңімпаз атанды. Жоба бойынша келісімшарт сомасы 304 миллион теңге. Мамыр айында мердігер ұйым жөндеу жұмыстарын Әшімов көшесі, 217-үйден бастап, маусым айының ортасынан бері басқа нысандарда жалғастырды. Шілде айында жұмыс уақытша тоқтатылғанымен, қазір қайта жанданған. Назарбаев көшесі, 2В мекенжайында негізді төсеу шамамен 60 пайызға орындалған. Асфальт салуды мердігер ұйым тамыз айының соңына дейін толық аяқтауы тиіс.
РКС: Тұрғындар мердігердің міндеттемелерін уақытында орындайды деп үміттенеді. Олай болмаған жағдайда, тиісті бақылау органдарына жүгінбек.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЖАНДОС САЙЛАУ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ