ДИКТОР: Жаңа оқу жылынан бастап еліміздің барлық мектептері мен колледждерінде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізіледі. Бұл – саналы, адал және жауапты азаматтарды тәрбиелеуге бағытталған ауқымды бастама. Бұл бағытта өңірде қазірдің өзінде белсенді дайындық жұмыстары жүргізілуде.
РКС: Бағдарлама өскелең ұрпақтың бойында әділдік, адалдық, жауапкершілік, отансүйгіштік және ұлттық құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған. Өңірде волонтерлік клубтар ашылып, әлеуметтік жобалар жүзеге асырылып, кешенді іс-шаралар жүргізілуде.
СНХ: САЛТАНАТ ТЕМІРҒАЛИНА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ ӘДІСКЕРІ: 2025-2026 оқу жылынан бастап еліміздің барлық білім беру ұйымдарында «Адал азамат – біртұтас тәрбие» бағдарламасы іске асырыла бастайды. Бұл бағдарлама Қазақстан Республикасының оқу-ағарту министрлігінің 2025 жылғы 26 мамырдағы 23 бұйрығының негізінде енгізіліп отыр. Бағдарламаның негізгі мақсаты - өскелең ұрпақтың бойында адалдық, әділдік, жауапкершілік, отансүйгіштік сияқты азаматтық құндылықтарды сіңіру. Бағдарламаның басым 6 құндылығы бар. Және сонымен қатар, бағдарламаның 6 әлеуметтік жобасы бар. «Адал азамат- біртұтас тәрбие бағдарламасының» «Қамқор» жобасының аясында жас оқушылардың қозғалысы жүзеге асуда.
РКС: Бағдарлама колледж студенттерін де қамтиды. «Еңбегі адал – жас өрен» жобасы әлеуметтік осал топтардан шыққан жастардың өмірге бейімделуіне көмектеседі. Instagram желісінде педагогтар мен тәрбиешілер тәжірибе алмасып, үздік тәжірибелерімен бөлісетін арнайы парақшалары да бар.
СНХ: ГҮЛНӘР ӘБДІҚАСЫМОВА, №6 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: «Адал азамат» бағдарламасы екі бағытта жұмыс істейді. Біріншісі - сынып сағаттары мен білім беру мазмұны арқылы енгізу болса, екіншісі - әлеуметтік жобалар арқылы. Тәрбие негізіне алынатын басты құндылықтар - патриотизм, бірлік пен ынтымақтастық, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық, кәсібилік және жаңашылдық.
РКС: Адал әрі саналы азаматты тәрбиелеу - бір күндік жұмыс емес. Бұл бағытта оң нәтижесін көрсетіп отырған кешенді жұмыстар атқарылуда. Бастысы – оқушылар мен ата ана-аналардың, педагогтар мен қоғамның белсенді қатысуы.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА ЖАНДОС САЙЛАУ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ