ДИКТОР: Велосипедпен жолға шыққан экобелсенді Сапар Жаймурзин Көкшетауға жетті. Айта кетейік, «Байтақ» жасылдар партиясының бастамасымен елімізде алғаш рет «Ұлы Даланың Жасыл Елшісі» атты ұлттық экологиялық велоэкспедиция жүріп жатыр. Басты мақсат - еліміздің барлық аймағын аралап, экологиялық мәселелер бойынша ақпарат жинау.

РКС: Велотурдың бағыты бірнеше қаланы қамтиды. Әр қалада партия мүшелері ауаның ластануынан бастап, су ресурстарының тапшылығына дейін жергілікті экологиялық мәселелерді тіркейді. Осылайша жинақталған деректер мемлекеттік органдарға ұсыныс ретінде жолданады. Өңірде «Байтақ» жасылдар партиясының филиалы жұмыс істейді. Оның өкілдері экология саласындағы мамандармен, қоғам қайраткерлерімен және мемлекеттік органдармен тығыз ынтымақтастықта, аймақтық ерекшеліктер мен жағдайларды ескере отырып, нақты әрі тиімді шешімдер әзірлеуде.

СНХ: САПАР ЖАЙМУРЗИН, ЭКОБЕЛСЕНДІ: Әр аймақта қоқыс мәселесі, ауаның ластануы, су ресурстарының тапшылығы және басқа да экологиялық проблемалар өткір тұр. Біздің мақсатымыз - алдағы сайлауда күн тәртібіне республикалық деңгейдегі экологиялық мәселелерді шығару.

СНХ: АСЫЛБЕК БАЯЖҰМА, «BAYTAQ» ПАРТИЯСЫНЫҢ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Алдағы уақытта қоғам өкілдері, экологтар және өңірдің жетекші мамандарымен бірлесе отырып, осы мәселелердің шешіміне бағытталған нақты концепция әзірлейміз. Өйткені, еліміздің ұлан-байтақ жерін сақтап, оны келер ұрпаққа аманат етіп тапсыру - біздің басты парызымыз.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖАНДОС САЙЛАУ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ