ДИКТОР: Келер жылы елімізде кепілдендірілген және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттерін кезең-кезеңімен біріктіру басталады. Онкологиялық дерттерді анықтау тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында қолжетімді болады. Қант диабеті сияқты созылмалы сырқаттар – міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесіне ауыстырылады. 2026 жылдан бастап қосымша 1 миллионға жуық қазақстандық сақтандыру жүйесімен қамтылмақ.

РКС: Бұл бастама Мемлекет басшысының былтырғы Қазақстан халқына Жолдауында жүктеген тапсырмасына сай жүзеге асырылып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде базалық медициналық көмектің біртұтас және теңгерімді пакетін қалыптастыруды тапсырған болатын. Тиісті Заңға Президент биыл 14 шілдеде қол қойды.

СНХ: ЗӘУРЕШ БАПАНОВА, С.ҚАЙЫРБЕКОВА АТЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМИ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУДЫ ДАМЫТУ ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Бұл – ең алдымен, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасы. Медициналық қызметтердің нақты тізімі бекітіліп, пациенттер үшін де, дәрігерлер үшін де қызметтердің ашықтығы қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, қандай медициналық қызметтер кепілдендірілген пакет аясында, ал қайсысы сақтандыру пакетінде көрсетілетіні нақты бөлінеді. Мысалы, бүгінде онкоскрининг бойынша бірқатар зерттеулер тегін медициналық көмектің кепілдік көлемі аясында жүргізілсе, екінші бөлігі міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру арқылы жүзеге асады. Ал 2026 жылдан бастап онкоскринингтің барлық түрі еліміздің барлық азаматына сақтандыру мәртебесіне қарамастан қолжетімді болады.

РКС + ГРАФИКА: Бүгінде елімізде қант диабетімен есепте тұрғандар саны – шамамен 535 мың адам. Олардың ішінде 5 жарым мыңнан астамы – балалар. Мемлекет бір науқасқа жылына 600 мың теңгеден астам қаражат бөледі. Жалпы жылдық шығын – 46 миллиард теңгеге жуық.

ГРАФИКА:

ҚАЗАҚСТАНДА ҚАНТ ДИАБЕТІМЕН АУЫРАТЫН АЗАМАТТАР:

• ДИСПАНСЕРЛІК ЕСЕПТЕ – 535 МЫҢ АДАМ

• ОНЫҢ ІШІНДЕ БАЛАЛАР – 5625

• 1 АДАМҒА ЖЫЛ САЙЫН – 600 МЫҢ ТЕҢГЕДЕН АСТАМ

• ЖАЛПЫ ШЫҒЫН – 46 МЛРД ТЕҢГЕ

РКС: Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты соңғы өзгерістер қоғамда түрлі пікір тудырды. Әсіресе, әлеуметтік желіде қант диабетімен ауыратын жандар емделуден қағылады деген қауесет тарады. Дегемен, бұл пікірді мамандар түсініспеушілікке балап отыр.

СНХ: ЗӘУРЕШ БАПАНОВА, С.ҚАЙЫРБЕКОВА АТЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМИ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУДЫ ДАМЫТУ ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Бұл қызметтердің міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесіне ауыстырылу себебі – сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекті қамтамасыз ету. Себебі бұл жүйеде тиісті қаржыландыру қарастырылған. Айта кетейін, қант диабеті мемлекет тарапынан ерекше бақылауға алынған. Өйткені, бұл – мыңдаған қазақстандықтың өміріне әсер ететін күрделі дерт. Сондықтан қант диабетіне шалдыққан науқастар назардан тыс қалмайды деп сенемін.

РКС: Мамандардың сөзінше, бірде-бір науқас медициналық көмектен тыс қалмайды. Барлық өзгерістер емдеудің сапасын, тиімділігін және қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Сақтандырылмаған азаматтарға 2026 жылдан бастап жаңа жүйенің мүмкіндіктерін толық пайдалану үшін міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесіне қосылуға кеңес беріледі.

БЕЙБАРЫС ШАЛАБАЕВ, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ