ДИКТОР: Көкшетаудағы бірегей көркемсурет мектебінің ғимараты бұзылып, орнына көпқабатты тұрғын үй кешені салынады. Қоғамдық тыңдауда осындай шешім қабылданды. Жас суретшілерге арналған арнайы бөлмелер жаңа тұрғын үй кешенінен берілмек. Қала әкімдігі мен халық арасында ашық диалог ұйымдастырылып, оған мүдделі тараптар мен қала тұрғындарының барлығы шақырылды.

РКС: Көкшетаудағы көркемсурет мектебі - облыстағы бірегей қосымша білім беру мекемесі. Бұл оқу орны еліміздегі үздік мектептердің бірі ретінде танылған. Білім ордасының педагогикалық құрамы жоғары білікті мамандардан жасақталған. Мұғалімдердің басым бөлігі – көп жылдық тәжірибесі бар ұстаздар, ал олардың жартысы – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. Ескі ғимаратта аталмыш мектепте 300-ден астам оқушы білім алған. Мектеп директорының айтуынша, өтініш білдірушілер саны бұдан да көп болғанымен, барлық талапкерді қабылдауға мүмкіндік болмаған.

СНХ: ЮЛИЯ ЖЕЛОБКОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ БАЛАЛАР КӨРКЕМСУРЕТ МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Ең өзекті мәселелердің бірі – оқу кабинеттерінің жетіспеушілігі. Бұл жағдай көп жылдан бері шешімін таппай келеді. Мектеп 4 ауысымда жұмыс істейді. Сабақ таңғы 08:30-дан кешкі 21:00-ге дейін жалғасады. Сонымен қатар, сенбі мен жексенбі күндері де оқу жүргізіледі. Осыған байланысты біз мектепті кеңейту және жаңғырту мәселесі бойынша білім беру саласының басшылығына бірнеше рет ресми түрде жүгіндік.

РКС: Қоғамдық кеңес қатысушыларының айтуынша, бұл ғимарат – типтік көркемсурет мектебі емес, бұрынғы балабақша ғимараты. Бұл жерде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар да оқиды. Алайда олар үшін қажетті жағдай жасау мүмкін емес. Себебі ескі қабырғалар қосымша құрылыс жұмыстарына шыдамайды. Ғимараттың ондаған жыл пайдаланылғанын ескерсек, құрылымдық мәселелер де жиналған. Қазір нысан өрт және санитариялық қауіпсіздік талаптарына сай келмейді.

СНХ: ӘЛИ ӘЛИЕВ, «KOKSHE» ӘЛЕУМЕТТІК-КӘСІПКЕРЛІК КОРПОРАЦИЯСЫ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бұл ғимарат 1965 жылы салынған, яғни бүгінде оған 60 жыл болды. Техникалық сараптама нәтижелері бойынша, нысан қанағаттанарлықсыз жағдайда. Барлық тірек конструкцияларының жарамдылығы шектеулі, ал инженерлік желілер мүлдем жарамсыз күйде. Құрылыстың беріктігі мен қауіпсіздігін төмендететін ақаулар мен зақымдар анықталған. Техникалық қорытынды бойынша нысанды толықтай бұзу ұсынылады.

РКС: Бұл жерде ғимаратты жай ғана бұзу мәселесі емес, қауіпсіз және заманауи шығармашылық кеңістік құру туралы сөз қозғалды. Қоғамдық кеңеске қатысушыларға дәл осылайша инвестициялық жобаның мәні түсіндірілді. Жаңа ғимаратта көркемсурет мектебіне 1000 шаршы метрден астам аумақ бөлінбек – бұл қазіргі қолданыстағы алаңнан екі есе көп. Жобада сондай-ақ терраса, кең шеберханалар, көрме залдары, суретшілер үшін қажетті табиғи жарықпен қамтамасыз етілген аудиториялар және компьютерлік сынып қарастырылған. Көркемсурет мектебін жаңғырту мәселесі бірнеше айдан бері қала тұрғындарын алаңдатып келеді. Облыс әкімінің тапсырмасымен бұл мәселе бойынша шешімді Қоғамдық кеңес қабылдады.

ЛЮФТ:

РКС: Қазір көркемсурет мектебі уақытша «Ақмола дарыны» орталығының ғимаратында орналасқан. Жаңа ғимараттың есігі жас суретшілер үшін келесі оқу жылының басында ашылады деп жоспарлануда. Билік өкілдерінің айтуынша, шешім қабылданғаннан кейін құрылыс жұмыстары дереу басталады. Жобаның инвесторы ашық конкурс арқылы анықталады. Ал жобаның жүзеге асу барысын қоғамдық бақылау мен халық қалаулылары мұқият қадағалайды.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ